«Бағдарламамен үй алып беремін». Талдықорғанда «пысық» әйел ұсталды
Тергеу барысында оның мемлекет қызметте жұмыс істемегені анықталды
Талдықорғанда тұрғындарды 35 млн теңгеге сан соқтырған алаяқ ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Полиция бұл дерекке қатысты істі тергеуді аяқтады. Алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс 2021-2022 жылдары тіркелді. Бұрын алаяқтығы үшін бірнеше рет жауапқа тартылған 28 жастағы жергілікті тұрғын күдікке ілінді.
Тергеу материалдарына сәйкес, «пысық» әйел талдықорғандықтарды мемлекеттік бағдарлама арқылы үй алып беремін деп алдаған. Ол аңғал жұртқа әкімдікте өзінің сенімді танысы бар екенін де айтқан.
Тергеу барысында күдіктінің қандай да бір тұрғын үй комиссияларының құрамына кірмейтіні, мемлекеттік қызметкер емес екені анықталды.
Күдіктінің алаяқтықтың 14 эпизодына қатысы бар екені белгілі болды. Оның әрекетінен келген материалдық шығын – 35 млн 580 мың теңге. Әйел Талдықорғандағы тергеу изоляторында қамауда отыр, - деді Талдықорған қаласы ПД-ның тергеушісі Ілияс Алдабергенов.