Түркістанда қазақ күресінен Азия кубогы басталды
Жеңімпаз түйе балуанға автокөліктің кілті табыс етіледі
Түркістанда қазақ күресінен ересектер арасында Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы жүлдеге арналған Азия кубогы үшін халықаралық турнир басталды. Дәстүрлі жарыста Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай мемлекеттері мен еліміздің барлық өңірлерінен келген 300-ге жуық спортшы күш сынасады.
Екі күн бойы жалғасатын балуандар белдесуінде 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 келі салмақ дәрежесіндегі үздіктер анықталатын болады. Жарыстың бас төрешісі Ерлан Иманғалиевтің айтуынша, жеңімпаздарға қаржылай сый-сияпат ұсынылып, түйе балуанға автокөліктің кілті табыс етіледі.
Жуырда Түркістан қаласында қазақ күресінен «Тұран барысы» Азия кубогы ұйымдастырылып, жарыстың нәтижесінде Қазақстан құрама командасы жеңімпаз атанған болатын. Жалпы Түркістан облысында 4 облыстық, 28 аудандық және қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресі бөлімдері бар. Онда 148 жаттықтырушы 3 600-ден аса баланы жаттықтырады.