×

Қазақстанда қанша шетелдік жұмыс істейді?

ШЖК тартуға арналған квота 25%-ға қысқартылды

 Динара Амантай 23.11.2022 | 16:15
Фото: ашық дереккөз

2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 957 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, шетел жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 576 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 3 029 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 7 715 және 856 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 241 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 540 адам тартылды.

Бүгінде Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 719 жұмыс беруші бар. Оларда 399 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 910 адам (40%); тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 419 адам (10%); ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 146 адам (8%); кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 1 081 адам (8%); өңдеу өнеркәсібі – 995 адам (7%).

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 500 адам, Үндістан – 1 731 адам, Түркия – 1 642 адам, Өзбекстан – 1 344 адам, Ұлыбритания – 1 112 адам.

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. Осы жылдың қаңтар айында Еңбекмині ШЖК тартуға арналған квотаны бұрын жоспарланған 28 352 бірліктен 21 097 бірлікке дейін, яғни 7 255 бірлікке (25%) қысқартты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама