Қазақстан геологиялық саланы Кореямен бірлесіп дамытпақ

Динара Амантай

Өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды

Фото: gov.kz

Экология министрі Серікқали Брекешевтің KIGAM Корей компаниясының вице-президенті Хван Сехо мырзамен кездесуі барысында тараптар геологиялық саланы дамыту саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазақстан тарапынан меморандумға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ТПИ бойынша жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры да қол қойды.

Қазақстан Кореяны жер қойнауын геологиялық зерттеу және сирек жер металдарын өндіру саласындағы стратегиялық серіктестердің бірі ретінде қарастырады, - деп атап өтті министр өзінің кіріспе сөзінде.

KIGAM компаниясының геология ғылымы, жаңа технологияларды енгізу және геологиялық картаға түсіру саласында үлкен тәжірибесі бар бірегей кешенді ғылыми-зерттеу институттарының бірі екені белгілі.

Бүгін қол қойылған Экология министрлігі, Индустрия министрлігі мен KIGAM компаниясы арасындағы меморандум біздің геологиялық қызметтеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды құжатқа айналатынына және Қазақстан аумағында геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ минералдық шикізат ресурстары мен қорлары туралы ақпарат алмасуға қуатты серпін беретініне сенімдімін, – деді Серікқали Брекешев.