×

Таразда «Қазфосфат» қызметкерлері наразылыққа шықты (ВИДЕО)

Жиналғандар 150-180 мың теңге аралығында жалақы алатынын айтты

 Ұлдана Жұбай 23.11.2022 | 14:50
Коллаж: Халық үні

Таразда «Қазфосфат» қызметкерлері наразылыққа шықты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі оқиға орнынан.

Жүздеген қызметкер «Қазфосфат» ЖШС-ға қарасты «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» филиалы маңында жиналды.

Қызметкерлердің айтуынша, кәсіпорын басшылығы жұмысшыларды балағаттаған.

Сондай-ақ жиналғандар қордаланған мәселені де көтерді.

Олардың сөзінше, жалақы мөлшері – 150-180 мың теңге аралығында. Олар осындай жағдайда басшылық қызметтегілердің 18-24 миллион теңге аралығында жалақы алатынына наразы.

Оқиға орнында полиция қызметкерлері де жүр.

Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы Таразда «Қазфосфат» жұмысшыларының наразылыққа шыққанына қатысты түсініктеме берді. 

«2022 жылдың 23 қарашасы сағат 11:40 шамасында «Қазфосфат» қызметкерлері арасында түсінбеушілік туындады. «Қазфосфат» ЖШС-ға қарасты цифрлық трансформация басқармасының басшысы әріптестеріне дөрекі сөйлеген. Соның салдарынан түсінбеушілік болған», - деп хабарлады басқарма.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы қызметкерлермен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

«Қазфосфат» ЖШС-ға қарасты цифрлық трансформация басқармасының басшысы әріптестерінен кешірім сұрады. Ол жұмыстан шығарылды», - делінген ақпаратта.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама