×

Шахтадағы бес кеншінің өлімі: 26 адам күдікке ілінді

Апатқа жұмыс берушілердің кінәлі екені анықталған

 Халық үні 23.11.2022 | 13:30
Фото: Тұрар Қазанғапов

Қарағанды облысының «Ленин» шахтасында бес кеншінің қазасына байланысты істе 26 адам күдікке ілінді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді.

Министр апатқа байланысты жүргізілген арнайы тергеу қорытындысын жариялады. Айтуынша, бұрғылау штангасының металл бекіткіштерге үйкелісінен ұшқын шығып, тұтанған.

«Тергеу барысында көмір департаментінің де, «Ленин» атындағы шахтаның да инженерлік-техникалық персоналы тарапынан тиісті бақылау болмағаны анықталды. Метан шығуын болжау қызметінің штатында 25 тау-кен маманы болуы қажет, алайда сол сәтте 13 адам болған. Сондай-ақ аэрогазбақылау қызметінің мамандары да толық болмаған. Сол кезде 16 электр маманы болған, негізі 25 маман болуы қажет. Ұңғымаларды бұрғылау шаңды басуды қолданбай жүргізілген», - деп атап өтті Юрий Ильин.

Арнайы комиссия кеншілердің бұл апатқа кінәлі емес екенін анықтады. Ал жұмыс берушілерді апатқа 100% кінәлі деп бағалады.

Қазақстанның еңбек туралы заңнамасын және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы құқықтық актілерді бұзған жауапты адамдар анықталды, материалдар қадағалау және құқық қорғау органдарына әрі қарай процессуалдық шешім қабылдау үшін беріледі, - деді Ильин.

Министрдің айтуынша, күдіктілердің арасында 26 адам бар.

«Арселор Миттал» басшылығынан бастап Ленин атындағы шахтаның инженерлік-техникалық құрамының басшысына дейін күдіктілер қатарында бар. Олардың арасында басқа мемлекеттің екі азаматы бар: көмір департаментінің басшысы және «Арселор Миттал» басшылығы. Мұны әзірге комиссия анықтады. Енді тергеу іс-шаралары барысында куәгер немесе күдіктілердің қатары көбеюі мүмкін», - деді министр.

Министр күдіктілердің ішінде Наир Биджу және Джелсон Батиста бар екенін нақтылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама