Ерлі-зайыптылардың жағдайы қиын
Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, облыс орталығындағы Ломов көшесінде орналасқан №150 үйден өрт шығып, үш адам зардап шеккен. Қазір екі адамның жағдайы өте қиын.
«112» пультіне шақыру сағат 22:58-де түсті. Оқиға орнына он техника мен өртке қарсы қызметтің 34 қызметкері, сондай-ақ апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен құтқарушылары жіберілді.
Тілсіз жау төрт қабатты тұрғын үйдің екі бөлмелі пәтерінде болғаны анықталды. Ол 45 шаршы метрді шарпыған. Үйдегі заттар мен жиһаздар жанған. Бригада келгенге дейін он адам үйден баспалдақпен шығып үлгерген.
Өрт сөндірушілер арнайы сатының көмегімен екі адамды, оның ішінде баланы да құтқарды. Сондай-ақ, баспалдақпен үш адам шығарылды. Олардың екеуі бала, – деп хабарлады төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Өрттен зардап шеккен ерлі-зайыптылар бірінші қалалық ауруханаға жатқызылды. Сонымен бірге тағы бір ер адамға жергілікті жерде медициналық көмек көрсетілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 1986 жылғы ер адамның мойны мен денесін, тыныс алу жолдарын екінші-үшінші дәрежелі күйік шалған. Денесінің 63 пайызы зақымдалған. Шок алған. 1995 жылғы әйелдің беті мен денесін бірінші-екінші дәрежелі термиялық күйік шалған.
Өрт 23:40-та жойылды. Өрттің себебі анықталуда.