Қолма-қол ақшасыз төлеу - 80 теңге
1 желтоқсаннан бастап Павлодар қаласында қоғамдық көлікте жол ақысын төлеудің жаңа тарифі енгізіледі.
Электрондық билетпен жол ақысын төлейтіндер үшін жүру құны өзгеріссіз қалады. Яғни, қазіргідей 80 теңге төлейді. Павлодар қаласы әкімдігінің хабарлауынша, мұндай тариф Астана, Алматы қалаларында бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ биылғы жылдың тамыз айынан бастап Өскемен мен Орал қалаларында да енгізілді. Орал қаласында қолма-қол ақшамен төлем 150 теңге болса, қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлеу 80 теңге болды. Өскеменде тиісінше 130 және 90 теңге.
Павлодарда қолма – қол есеп айырысу үшін жол жүру құны 130 теңге. Бұл ретте электрондық билетті пайдалану кезінде төлем өзгеріссіз қалады. Яғни, 80 теңге. Бекітілген бірыңғай тариф бойынша зейнеткерлердің жол ақысын қолма-қол ақшасыз төлеуі өзгеріссіз 40 теңге болып қалса, қолма-қол ақшамен төлеу кезінде 65 теңге болады, – делінген хабарламада.
Қолма-қол ақшасыз төлеуді бірнеше тәсілмен төлеуге болады. Мұнда арнайы көлік картасымен, ұялы телефоннан «Avtobys» қосымшасы арқылы, сондай-ақ Kaspi QR кодымен төлеуге болады.
Зейнеткерлер қоғамдыө көлікте тиісті құжатты растайтын куәлік немесе жеңілдік көлік картасын көрсетсе жеңілдікпен жүре алады.