×

Франция құрамасы әлем чемпионатын жеңіспен бастады

Дания мен Тунис командалары тең ойнады

 Дастан Жұмабекұлы 23.11.2022 | 08:54
фото: ашық дереккөз

Катарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында D тобындағы матчтар басталды. Осы топтағы фавортиттердің бірі –  Франция Австралия құрамалары кездесіп, 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Кездесуде алғаш болып австралиялықтар есеп ашты. Ойынның 9-минутында «жасыл құрлық» командасының шабуылшысы  Крейг Гудвин гол салды. Одан кейін Австралия құрамасы  2018 жылғы әлем чемпиондарының шабуылдарына қарсы тұра алмады. 27-минутта Адриен Рабьо таразы басын теңестірді. Ал Оливье Жиру араға 5 минут салып, командасын алға шығарды.

Үзілістен кейін Килиан Мбаппе (68 минут) есепті еселесе, 71-минутта Оливье Жиру дубльдің авторы атанды. Жиру құрама сапында өткізген 115 кездесуінде 51 голын салды. Осылайша Италияның «Милан» клубының шабуылшысы Франция тарихындағы үздік сұрмерген Тьерри Анридің рекордын қайталады.

Осы жеңістен кейін Франция құрамасы D тобында көш бастады. Оның топтағы қарсыластары Дания мен Тунис тең есеппен тарқасты.

Биылғы чемпионатта Франция командасы фавориттердің бірі болып саналады. Команда биылғы додаға әлемнің үздік ойыншысы, «Алтын доп» иегері Карим Бензема қатыспаса да алтын жүлдеден дәмелі. Бұл команда 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионаты мен 2020 жылы Бельгия мен Нидерландыда болған Еуропа чемпионатын жеңіп алған.

Енді 26 қараша күні D тобында Тунис – Австралия, Франция – Дания ойындары өтеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама