Қазақстанда қандай мамандық иелері тапшы?

Дәурен Ерболат

Ең жоғары жалақыны өнеркәсіптік альпинистер, инженерлер мен хирург-дәрігерлер алады

Фото: vyksavkurse.ru

Елдегі еңбек нарығында қазандық қондырғысының операторлары, күзетшілер, тігіншілер, кеңсе тазалаушылары, тәрбиешілер тапшы, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Биыл қазанда электрондық еңбек биржасында (ЭЕБ) 109,2 мың бос жұмыс орны және 59,8 мың түйіндеме орналастырылды. Өткен аймен салыстырғанда, жарияланған жұмыс орындарының саны азайып (5,6%), түйіндеме саны үштен бірге (27,3%) төмендеді.

Ірі қалалармен қатар, өнеркәсіптік өңірлерде де кадрлардың жетіспеушілігі сезіліп жатыр.

Қазанда бос орындар саны бойынша үздік үштікке өндіріс (15,9% немесе 17,3 мың бос жұмыс орны), білім беру және тәрбиелеу (10,4% немесе 11,3 мың бос жұмыс орны), құрылыс және сәулет (6,4% немесе 7 мың бос жұмыс орны) салалары кірді.

Қыркүйекте еңбек нарығындағы серпінді қарастырып, маусымдық ауытқуларға сәйкес білім беру саласының мамандарына сұраныстың 2 есе қысқаруы аясында өндіріс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТКШ) саласындағы маман иелеріне сұраныс айтарлықтай өсті (+67%). Өндірісте стационарлық жабдықтардың операторлары (8,5 мың бос жұмыс орны), дәнекерлеушілер мен фармацевтер (3,5 мың бос жұмыс орны), ал ТКШ-да слесарлар мен сантехниктер (4,9 мың бос жұмыс орны) сынды мамандарға сұраныс жоғары, - деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ бас директоры Александра Молчановская.

Жұмыс берушілер тарапынан құқықтану, ғылым және консалтинг, сондай-ақ маркетинг және БАҚ сияқты салалардың мамандарына сұраныс өте төмен.

«Сұраныс тұрғысынан ең белсенді Астана және Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Түркістан және Қарағанды облыстары болды. Бос жұмыс орындарының жалпы саны – 44,7 мың (барлық сұраныстың 41%). Кадр тапшылығы Қарағанды, Шығыс Қазақстан (сұраныс ұсыныстан 4 есе артық) және Павлодар облыстарында (3 есе) айқын байқалып отыр. Жетісу облысында және Маңғыстау өңірінде бос жұмыс орындарына қарағанда, жұмыс іздеп жүргендер көп», - деп жазылған хабарламада.

Қазандық қондырғыларының операторлары (3 081 түйіндемеге 5 853 бос жұмыс орны), күзетшілер (472 түйіндемеге 1 525 бос жұмыс орны), тігіншілер (220 түйіндемеге 1273 бос жұмыс орны), кеңсе тазалаушылары (323 түйіндемеге 1 271 бос жұмыс орны) және тәрбиешілер (620 түйіндемеге қарсы 1 507 бос жұмыс орны) сынды мамандықтар ең тапшы болып саналады.

Қыркүйекте өтініш берушілер арасында ерлерге қарағанда әйелдер көп болса, қазанда жағдай керісінше болды.

«Қазанның қорытындысы бойынша жас бөлінісінде 45 жастан асқан жұмыс іздеушілердің үлесі – 28% (қыркүйекте – 27%), жастардың үлесі – 30% (қыркүйекте – 34%), ал зейнет жасындағы әрбір оныншы адам жұмыс іздеп жүр.

Жұмыс берушілер ең жоғары жалақыны (500 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін) өнеркәсіптік альпинистер, қопарушы, инженерлер мен хирург-дәрігерлерге ұсынады. Сондай-ақ жұмыс іздеушілер тарапынан ең жоғары жалақы жеке сектордың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары (1,5 млн теңге), ұшқыштар, сондай-ақ бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматиканы реттеушілер (1 млн теңгеден) ұсынылады, - деп жазылған хабарламада.

Қазанда жұмыс берушілер тарапынан да, жұмыс іздеушілер тарапынан да белсенділіктің төмендеу процесі жүріп жатыр. Бұл еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың маусымдық өзгеруіне байланысты. Мұнда құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және өндіріс саласының мамандарына сұраныстың артуы байқалады.