×

Луганск облысында кескілескен шайқас болып жатыр

Украин әскері әзірше 12 елді мекенді азат етті

 Дастан Жұмабекұлы 22.11.2022 | 12:19
фото: unian.net

Ресей оккупанттары басып алған Луганск облысында екі күннен бері толассыз ұрыс қимылдары болып жатыр. Бұл туралы УНИАН хабарлады.

УНИАН агенттігінің хабарлауынша, Ресей армиясы уақытша басып алған Луганск облысының территориясында жергілікті жұртты еріксіз көшіру жұмыстары жалғасты. Украина қорғаныс күштері өздерінен күші басым жаумен жанқиярлық шайқастың үлгісін көрсетіп жатыр.

Бас штабтың мәліметіне қарағанда, облыстың Сиротино елді мекені ауданында Украина қарулы күштерінің өткен түнде Ресейдің оккупациялық әскерлері колоннасын жойып жібергенін растады. Қазір жаудың шығыны есептеліп жатыр.

Луганск облысының уақытша басып алынған территориясында жергілікті тұрғындарды күштеп көшіру шаралары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Луганск қаласына Беловодск тұрғындары әкелінуде, – деп атап өтті Бас штабтағылар.

Қазір Шығыс майданда кескілескен ауыр шайқастар болып жатыр. Қарулы күштердің мәліметіне қарағанда, Луганск облысын жаудан азат ету жөніндегі әскери операция өте қиынға түседі. Өйткені ресейлік оккупанттар өңір территориясына берік бекініп алған. Оларға Херсон облысынан қашқан басқыншылардың бір тобы келіп қосылған. Ресейден жаңадан келген сарбаздар украиндардың босап қалған үйлеріне келіп жайғасуда.

18 қарашада ресейлік басқыншылардың Херсон өңірінен келген әскерлерді уақытша басып алынған Новоайдар кентіне орналастырып жатқандары белгілі болды. Алайда мобилизациямен келген ресейліктер Херсоннан қашқандардың мұнда әкелінгендеріне наразы көрінеді.

Дегенмен осындай қиындықтарға қарамастан, украин әскерлері өңірдегі елді мекендерді Ресей әскерінің қолынан босатуды жалғастырып келеді. Соңғы мәліметтер бойынша, олар облыста кейінгі күндері осындай 12 қонысты азат еткен.

Луганск облысы әскери әкімдігінің басшысы Сергей Гайдай Украина қарулы күштерінің қазіргі таңда өте жылдам ілгері жылжып келе жатқанын, бірақ өте сақ қимылдайтынын айтып берді. Майданның кез келген мүйісінде ресейліктер айтарлықтай шығынға ұшырап жатыр, деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама