Президентті ұлықтау рәсіміне бюджеттен қаржы бөліне ме?
Инаугурация 26 қарашада өтеді
Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев президентті ұлықтау рәсіміне бюджеттен қомақты қаржы бөлінбейтінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Президенттің ұлықтауына біз бюджеттен қосымша қаражат бөлген жоқпыз. Ол – президенттің ресми түрде Конституциялық заң бойынша президент лауазымына өтуіне байланысты ант беруі. Оған көп қаражат кетеді деп ойлаймын. Сондықтан оған біздің тарапымыздан көп қаражат бөлінбейді», - деді Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысынан соң.
Қазақстанда 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтті. Ел президенттігіне алты азамат кандидат болды.
21 қарашада Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады.
- Қарақат Әбден – 2,6% (206 206 адам дауыс берген);
- Нұрлан Әуесбаев – 2,22% (176 116 адам);
- Жигули Дайрабаев – 3,42% (271 641 адам);
- Мейрам Қажыкен – 2,53% (200 907 адам);
- Қасым-Жомарт Тоқаев – 81,31% (6 456 392 адам);
- Салтанат Тұрсынбекова – 2,12% (168 731 адам);
- Бәріне қарсымын – 5,8% (460 484 адам).
Нақтыланған сайлаушылар тізіміне сай, жалпы сайлаушылар саны – 11 953 465 адам. Оның 8 300 046-сы немесе 69,44%-ы дауыс беруге арналған бюллетендерді алды. Шетелде 11 360 азамат дауыс берді, бұл дауыс берушілердің 88,47%-ы.