Сондай-ақ олар көлік жүргізушілердің құқықтарын шектеуге жол берген
Шымкентте жаз бойы болған дизель тапшылығы қолдан жасалған. Бұл туралы қаладағы бәсекелестікті қорғау департаментінің мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұған Helios, Sinooil компанияларының тікелей қатысы бар екені айтылды.
«Департамент Helios, Sinooil мәселесі бойынша шілде және тамызда мониторинг жүргізді. Соған сәйкес, Helios, Sinooil компаниясының екі автобекеті белгіленді. Олардың іс-әрекетінде бұзушылық анықталып, хабарлама берілді. Сол хабарламаға толық жауап алған соң, зерделеп, тиісті жұмысты әрі қарай атқарамыз», - деді бәсекелестікті қорғау департаментінің Шымкент қаласы бойынша бөлім басшысы Нұрболат Алиакбаров.
Алайда департамент компанияның қандай көлемде дизель жасырғанын нақтыламады.
«Олардың бекеттерінде қалдық болғанын білдік. Ол кезде лимит болатын. Әр жүргізушіге 100 литр дизель беретін. Олар сол дизелді толық бермеген. Қанша қалдық қалғанын айта алмаймын. Бұл – құпия ақпарат», - дейді Нұрболат Алиакбаров.
Департамент тарапынан «SINOOIL» ЖШС және «Helios» ЖШС-нің Шымкент қаласы филиалдарына Кәсіпкерлік Кодекстің 199-бабы 1-тармағына сәйкес хабарлама берілді.