«Асқар аға, рахмет сізге»: өрт сөндіруші құтқарған бойжеткен оқиғаның қалай болғанын баяндады
Өрт сөндіруші Асқар Забикулин құтқарып қалған қыз оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Астанадағы пәтерлердегі өрт кезінде адамдарды құтқарған өрт сөндірушілердің бірі көз жұмды. Өрт сөндіруші Асқар Забикулин құтқарып қалған қыз оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Тanirbergen ютуб арнасында.
Асқар Забикулин – Астанадағы пәтерлердің бірінде тұтанған өрттен бірнеше адамды аман алып қалған қаһарман. Ауыр жарақат алған жас жігіт ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның өмірі үшін күрескен. Бірнеше күннен кейін ол өкінішке орай өмірден өтті.
Аружан сол бір қаралы күні, яғни қарашаның 16-сында әжесімен бірге Момышұлы көшесіндегі көпқабатты үйдің пәтерінде болғанын есіне алды. Алдыңғы есік ашылмай, тұрғындар шыға алмаған. Сондықтан олар көмек күтіп, асүйге жасырыныпты.
«Менде барлығы жақсы еді, тек таза ауаның жоқтығынан жай ғана әлсіздік сезілді. Әжем екеуміз терезенің алдында тұрып олардың есікті қалай сындырып жатқанын естідік. Бірақ біз ол жаққа бармадық, өйткені тұншығып қалатын едік», – дейді Аружан.
Аружан құтқарушылардың бірі терезеден түсіп, өзін құтқарғанын айтты.
«Үстіңгі қабаттан – асүйден өрт сөндіруші түсті. Ол пәтерге кіріп, шығудың жолын іздей бастады. Біздің жанымызға келіп, шығатын есікке қарай апарды. Біз шыққанда есік ашық еді. Ол мені арқалап, төменге қарай жүгірді. Оның түрі есімде жоқ», – деп жалғастырды қыз.
Құтқарушы батырдың қазасын айтқанда Аружан көз жасын тыя алмады.
«Асқар аға, көмектескеніңізге көп рахмет», – деді қыз.
Қыздың отбасы да туыстарын аман алып қалғандары үшін шын жүректен алғыстарын білдіреді. Олар Асқар Забикулин аман қалады деп соңына дейін үміттенгенін айтады.