×

Еліміздің Бас прокуроры тағайындалды

Сенат Бас прокурор қызметіне Берік Асыловты тағайындауға келісім берді

 Айнұр Шошаева 03.03.2022 | 10:14
Берік Асылов, фото: gov.kz

Бүгін Сенатта ҚР Бас прокуроры қызметіне Берік Асыловтың кандидатурасы ұсынылып, депутаттар келісімін берді. Мемлекет басшысының жарлығымен Берік Ноғайұлы Асылов ҚР Бас прокуроры лауазымына тағайындалды.

Берік Ноғайұлы 1964 жылы 28 ақпанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Литваның Каунас қаласында әскери борышын өтеген. 2020 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шені берілді.

Үйленген, бес бала тәрбиелеп отыр.

1991-1992 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданы прокуратурасының тағылымдамашысы, 1992 жылдың 17 наурызында Алатау аудан прокурасының аға тергеушісі қызметін атқарған.

1993 жылы Бас прокуратура тергеушісі, аға тергеушісі, 1995-1996 жылдар аралығында Алматы әуе көлік прокурорының орынбасары болды.

1996 жылдың сәуірі мен желтоқсаны аралығында Мемлекеттік тергеу комитеті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс министрлігінің әскери барлау қызметінде, Президент күзеті қызмет органдарында жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау бойынша бөлім бастығы лауазымында қызмет атқарды.

1996 жылдың желтоқсан айында ҚР Бас прокуратурасының жедел- іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау бойынша бөлімінің аға прокуроры болып тағайындалды. Сол жылы аталған бөлімнің бастығы лауазымына ұсынылып, онда 2001 жылға дейін қызмет етті.

2001 жылдың қаңтарынан 2003 жылдың сәуіріне дейін Шымкент қаласының прокуроры, 2003-2005 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, 2005-2006 жылдары облыс прокурорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.

2006-2008 жылдары Батыс аймақтық көлік прокуроры, 2008 жылдың наурызынан 2010 жылдың маусымына дейін Ақтөбе облысының прокуроры болды.

2010 жылдың маусым айынан 2011 жылға дейін - ҚР Бас прокурорының орынбасары.

2011-2017 жылдары - Алматы қаласының бас прокуроры.

2017-2019 жылдары – Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры.

2019 жылдан бастап ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары лауазымын атқарды.

Бас прокурорды Сенаттың келiсуiмен Қазақстан президентi бес жыл мерзiмге тағайындайды. Прокуратура туралы заңда Бас прокурорды қызметінен Қазақстан президентi босататыны, Бас прокурор Қазақстан президентiне есеп беретіні айтылған.

Бұған дейін Бас прокурор болған Ғизат Нұрдәулетов Президент көмекшісі - Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама