«Депутат болып сайлануы мүмкін»: саясаттанушылар президенттікке үміткер болғандар туралы айтты
Мұндай болжамды мамандар үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларына қарап жасап отыр
Саясаттанушылар кезектен тыс президент сайлауына қатысқан бес кандидаттың кейбірі расымен парламент палаталарының біріне депутат боп сайлануына мүмкіндігі бар екенін айтты, деп хабарлайды КТК арнасы.
Мұндай болжамды мамандар үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларына қарап жасап отыр.
Сонымен қатар бір айға созылған үгіт-насихат жұмыстары кезінде жер-жерді аралап, жұрт арасында кәдімгідей атақ жинады. Оның үстіне сарапшылар әрқайсысына президенттікке экс-кандидат деген тіркес ере жүретіні белгілі екенін айтады.
Енді олар өз бағын парламентте немесе жергілікті мәслихаттарда сынап көруі мүмкін дейді саясаттанушы.
«Кандидаттардың болашағы тікелей өзіне байланысты. Сайлауда аз дауыс жинаған үміткерлердің ұсынған бағдарламалары мүлдем есте қалмады. Бірақ олар мол тәжірибе жинады. Үкіметте бір лауазымға тағайындалады деп айта алмаймын. Менің ойымша, кейбірі мәжіліс пен мәслихатқа баруы мүмкін», – дейді саясаттанушы Данияр Әшімбаев.