«Артында 3 баласы қалды»: Алматы облысында ер адам өз әйелін атып өлтірді
Күдікті қылмыс жасаған күні ұсталып, қамауға алынған
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында ер адам өз әйелін шолақ мылтықпен атып өлтірді. Күдікті қамауға алынған. Бұл жантүршігерлік жағдай ауыл тұрғындарын дүр сілкіндірді, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Оқиға Ақбастау ауылында болған. Тұрғындардың айтуынша, 45 жастағы әйел өз анасының үйіне кеткен. Ал жұбайы оны іздеп барып, шолақ мылтықпен атып өлтірген.
Тәртіп сақшыларының дерегінше, аңшы мылтығы күдіктіге заңды түрде тиесілі болған. Ерлі-зайыптылар 27 жыл отасқан. Ауыл тұрғындары оларды тыныш, өнегелі жанұя ретінде біледі. «Қайғылы жағдай отбасылық жанжалдың салдары болуы мүмкін» дейді олар.
«Бүгінгі жағдай отбасылық жағдай болған шығар. Бала да жақсы еді, марқұм болып кеткен қыз да жақсы еді. Үш ұлдары бар. Үшінші ұлы мектеп оқушысы. 8-сыныпта оқиды. Енді неге бұлай болғанын біз білмейміз», - дейді Ақбастау ауылының тұрғыны Құралай Сендалиева.
Бұл ауыл халқы үшін күтпеген жағдай болды.Әлі ес жия алар емес.
«Мен туып-өскен ауыл ғой. Жақсы ауыл», - дейді ауыл тұрғыны Руслан Қасымбаев.
«10 жылдан астам тұрамын осы жерде. Барлығымыз тату-тәтті тұрамыз. Ауыл тыныш», - дейді Ақбастау ауылының тұрғыны Тұрған Әбдіхалық.
Күдікті қылмыс жасаған күні ұсталып, қамауға алынған. Мылтық тәркіленіп, «Адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасының тергеушілері адамды қасақана өлтірген 47 жастағы жергілікті тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Қылмыстық істің тергеу барысы мен нәтижелері облыстық полиция департаментінің бақылауына алынды. Күдіктінің қылмысы дәлелденсе, заңға сәйкес ол сегіз жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», -дейді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.