Венгрия елшілігі Мәсімовке қатысты мәлімдеме жасады
Дипломатиялық департамент Мәсімовтің ешқашан Венгрия азаматы болмағанын хабарлады
Венгрия елшілігі ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің төлқұжатына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлады orda.kz.
Қараша айының бірінші жартысында Самарқандта өткен Түркі кеңесінің саммиті барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанмен кездесті. Ақорданың хабарлауынша, мемлекет басшылары әдеттегідей екі жақты қарым-қатынас, экономикалық ынтымақтастық және Ауғанстан мәселелерін талқылады.
Алайда кейбір БАҚ Орбанның Тоқаевқа Кәрім Мәсімов пен оның отбасы мүшелерінде Венгрия азаматтығы бар екенін айтқаны туралы өз дереккөздеріне сілтеме жасап, мүлдем басқа ақпарат жариялады.
Бұл ақпарат еш жерде ресми расталмағандықтан, Orda.kz редакциясы түсініктеме алу үшін Венгрияның Қазақстандағы Бас консулдығына жүгінген. Дипломатиялық департамент Мәсімовтің ешқашан Венгрия азаматы болмағанын хабарлады.
2022 жылдың 6 қаңтарында Кәрім Мәсімов қызметінен босатылып, орнына Ермек Сағымбаев тағайындалды. 8 қаңтарда ҰҚК баспасөз қызметі Мәсімов пен оның орынбасарларының ұсталғаны туралы хабарлады.
ҰҚК мәліметінше, Мәсімов пен Садықұловтың әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі «Мемлекетке опасыздық», 179-бабының 3-бөлігі «Билікті күштеп басып алу» және 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы «Билікті және лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бойынша сарапталған.
18 қарашада Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты сот процесі басталды. Оның ісі құпия. ҰҚК экс-басшысының соты жабық есік жағдайында өтіп жатыр. Істің жай-жапсары Парламент тиісті шешім шығарса ғана құпиялықтан шығарылады.