Шарлапаев сонымен қатар Ұлыбританияның да азаматы
«Бәйтерек» ҰБХ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевтың Ресей Федерациясының азаматтығынан шығуы туралы өтініші қанағаттандырылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Тиісті өтінішті Владимир Путин қанағаттандырды. Ресми Жарлық 18 қараша күні Ресейдің құқықтық ақпарат порталында жарияланды.
«Бәйтерек» холдингінің сайтындағы мәліметке сәйкес, Шарлапаев – РФ мен Ұлыбританияның азаматы.
Редакциның ұлттық басқарушы холдингтің баспасөз қызметінен «басқарма төрағасы Қазақстан азаматтығын ала ма?» деген сұрағына мынадай жауап берілді:
«Біз ол жағын білмейміз. Азаматтық алу мәселесі оның жеке шаруасы, оның холдингке қатысы жоқ».
Сондай-ақ азаматтықтан шығу мәселесі ұзақ процесс және оған бір жыл бұрын өтініш берілгенін атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін холдинг Шарлапаевтың Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар, әрі ҚР Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы және Халықтың көші-қоны туралы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру құқығына ие болғанын хабарлаған болатын. Сондай-ақ ұйым 100 пайыз мемлекетке қарайтын компания басшысы шетелдік болғаны заңға қайшы келмейтінін мәлімдеді.
«ҚР Азаматтық кодексінің 3-бабы 7-тармағының талаптарына сәйкес, егер заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, шетелдік жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар азаматтық заңдарда Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары үшін көзделген нақ сондай құқықтарға ие болуға құқылы және сондай міндеттерді орындауға міндетті. Шарлапаев Қанат Бисимбайұлы Басқарма «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Төрағасы лауазымына Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының ережелеріне сәйкес, оның ішінде жұмысқа орналастыру кезінде тыйым салулар мен шектеулерді сақтай отырып тағайындалды», – деп мәлімдеді холдинг.
Белгілі болғандай, «Бәйтерек» холдингінің штатында шетелдік азаматтығы бар басқа штаттық қызметкерлер жоқ. Алайда басқару органы – холдингтің директорлар кеңесінің құрамына үш тәуелсіз директор – шетел азаматы кіреді.