Мектеп формасын сатып алу бойынша цифрлық платформа енгізілмек

Динара Амантай

Жоба нәтижесінде бюджет қаражатын нысаналы мақсаты бойынша жұмсаудың ашықтығы қамтамасыз етілетін болады

Фото: Halyq Uni

Мектеп формасын сатып алу бойынша цифрлық платформаны енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде «Ашық сағат алаңы» шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, аз қамтылған отбасыларға қаржылық және материалдық көмек көрсету қағидалары бойынша цифрлық платформаны енгізу мәселелері талқыланды.

Аталған жобаны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық жеңіл өнеркәсіпті дамыту аясында мемлекеттік тапсырыстарды мектеп формасын сатып алуға бағыттау тапсырмасына сәйкес жүзеге асыру көзделіп отыр.

Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспановтың басшылығымен өткен кеңес барысында жобаны іске қосу мәселелері қарастырылды. Аталған пилоттық жобаны алдымен Астана қаласына, кейін еліміздің барлық өңіріне енгізу жоспарланған.

Қазір «Әлеуметтік әмиян» платформасы арқылы ата-аналарға белгілі бір дүкендерде мектеп формасын сатып алуға кепілхат беру мәселесі қарастырылып отыр. Сондай-ақ отандық тауар өндірушілерге мектеп формасын сату үшін жеңілдікті шарттармен сауда нүктелері ұсынылғаны жөн. Осыған байланысты отандық тауар өндірушілердің тізілімін қалыптастыру қажет. Басты талаптардың бірі – ұлттық стандарттарға сәйкес өнім өндірісін анықтау, – деп атап өтті Ілияс Оспанов.

Жоба нәтижесінде бюджет қаражатын нысаналы мақсаты бойынша жұмсаудың ашықтығы қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ мектеп формасын шығару бағытындағы отандық өндіріс көлемін арттыруға ықпал етеді.

Аз қамтылған отбасыларға қаржылық және материалдық көмек көрсету қағидалары шеңберінде киім, аяқ киім, мектеп керек-жарақтарын сатып алуға көмек ата-аналардың өтінішіне сәйкес ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес мөлшерде ақшалай берілетінін атап өткен жөн.