Halyq Uni логотип
×

Қасым-Жомарт Тоқаев өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің отбасына көңіл айтты

Астана көшелерінің біріне оның есімі беріліп, бюсті орнатылады

 Еркеғали Болатұлы 20.11.2022 | 17:15
Қасым-Жомарт Тоқаев өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің отбасына көңіл айтты
фото: Halyq Uni

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады президенттің баспасөз қызметі.

Асқар Серікұлы төтенше жағдайлар саласында еңбек етіп, елімізге адал қызмет етудің үлгісін көрсете білген азамат еді. Астанадағы көпқабатты үйде болған өрт кезінде оқиға орнына шұғыл жетіп, бірнеше адамның өмірін сақтап қалды. Осы бір әрекеті арқылы ол Отан алдындағы азаматтық антына берік екенін және жанқиярлық ерлігін көрсетті. Оның есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын, – деп жазылған жеделхатта.

Сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ержүрек өрт сөндірушінің есімін мәңгі есте сақтау мақсатында Астана қаласындағы көшелердің біріне Асқар Забикулиннің есімі беріліп, бюсті орнатылатын болды.

Еске сала кетсек, бүгін ауруханада жатқан 28 жастағы өрт сөндіруші Асқар Забикулин көз жұмған еді. Оның артында әйелі мен екі баласы қалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама