Кәсіпкер кімнен көмек сұрарын білмейді
«Жеті жылдан бері айналысып келген кәсібімді тартып алды» деген тараздық кәсіпкер кімнен көмек сұрарын білмей дал. Облыс орталығындағы темір жол бекетінде кәсіп қылған бизнесмен жерді жалға алу құнын басшылар 80 пайызға көтеріп жібергенін айтып шағымданды. Салдарынан қаржы төлеуге қауқарсыз болып, жиырмадан аса қызметкері жұмыссыз қалған.
«Ai-Mar Group» серіктестігі Тараздағы темір жол вокзалы маңында жүк тасымалдау-тиеу қызметімен айналысады. Мекеме басшысының айтуынша, жұмыс орны үшін берілген арнайы аумақтың жалға алу құнын иелері шарықтатып жіберген. Салдарынан ай сайынғы төлемі 1,2 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейін өсіп, қызметкерлерін жұмыстан шығаруға тура келген. Тіпті, компания әкімшілігі «КеденТрансСервис» АҚ келісімшартты негізсіз бұзды» деп Ұлттық экономика министрлігіне арызданған.
«Министрлікке арыздандық. Ол жақтан «қазіргі арендаторлар сіздерсіздер, аренда төлемақысы көтерілмеген» деген хат келген. Біз қуанып, әрі қарай жұмыс істей бердік. Келесі күні «КеденТрансСервистен» хат келді. «Сіздердің арендалық төлемақыларыңыз осыншаға көтерілді» деп максималды ставкасын берді, - дейді ЖШС директоры Марат Мырзахметов.
Кәсібі тұралаған компанияның кран жүргізушілері мен жүк тасушылары енді қайда барарын, кімнен көмек сұрарын білмейді.
Жасымыз келгенде бізді енді кім жұмысқа алады? Қалай боларын білмей отырмыз. Неше жылдан бері істеген еңбегіміз далаға кетейін деп тұр, - дейді қала тұрғыны Мәжит Исмаилов.
Ал, қарсы тараптың айтуынша, кәсіпкердің жұмысы талапқа сай болмай, сол себепті келісімшартты бұзуға тура келген.
«Жұмыс істеу кезінде олар қауіпсіздік нормалары мен талаптарын елемеген және оны әрі қарай бұзуға бағытталған іс-әрекеттер жоспарланғандығы белгілі болды. Жалға алушы тарап келісімшарт талаптарын бұзды», - дейді «Кедентранссервис» АҚ жауабында.
Ал, кәсіпкерлікке қатысты проблемаларға жауапты «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аймақтағы филиалының басшысы Еркін Атымтаев бұл жолы ештеңе істей алмайтынын айтады. Себеп - проблема қос кәсіпкердің арасында болып отыр. Палата басшысы кәсіпкерді прокуратурға арыздануға шақырды. Ал кәсібі тұралаған ЖШС басшысы бұл мәселе бойынша елордаға дейін барып, шағымданатынын айтып отыр.