×

Бокстан әлем чемпионаты: бес спортшы келесі айналымға шықты

Жастар қарсыластарын нокдаунға жіберіп жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 20.11.2022 | 14:12
фото: ашық дереккөз

Испанияның Ла-Нусия қаласында бокстан жастар арасында өтіп жатқан әлем чемпионатының бесінші күні шаршы алаңға 8 боксшымыз көтеріліп, бесеуі келесі айналымға жолдама алса, 3 спортшы ұтылып қалды.

Күндізгі сессияда шаршы алаңға бірінші болып шыққан Гүлназ Бөрібаева (48 келі) жапон қызы Хори Руканы жарыс жолынан шығарып тастаса, 75 келідегі Дәулет Төлемісов Германияның боксшысы Сэммо Малекті айқын басымдылықпен ұтты.

50 келідегі Анита Адишева моңғол қызы Содан-од Биндерияны бірінші раундта екі рет нокдаунға жіберсе, екінші раунд басталған бойда үшінші нокдаун тіркелгесін төреші жекпе-жекті тоқтатып, қазақ қызының қолын көтерді.

54 келідегі Элина Базарова да жапон қызы Кокуфу Коринді бірінші раундта екі рет нокудаунға жіберсе, екінші раунд басталған бойда тағы бір рет нокдаунға жіберіп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. 67 келідегі Нұрбек Мұрсал әзербайжан Санан Хатамовты ертерек үйіне қайтарды.

Өкінішке қарай, 48 келідегі Рамазан Нұрлыбаев пен 54 келідегі Жандәулет Сәрсенбаевтар қарсыластарына жол беріп қойды. Осылайша алғашқы жекпе-жектерінде жеңіске жеткен қос боксшымыз екінші кездесулерінде әлем чемпионатын аяқтады. Бұлардан бөлек, 51 келідегі Ислам Машкентаев өзінің әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегінде грузин Давид Джапаридзеден ұтылып қалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама