Украинада жалған референдум өткізушілер анықталды
23 адамның аты-жөні белгілі болды
Украина Қауіпсіздік қызметі Донецк және Запорожье облыстарында жалған референдум өткізу идеясының бастамашылары болғандардың аты-жөндерін анықтады. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Украина Қауіпсіздік қызметі Донецк облысында өңірді Ресейге қосу жөнінде жедел жалған референдум өткізіп, оның «қорытындысы» бойынша оккупациялық билікке «шұғыл үндеу» деп аталатын шақыру жолдағандарды толық тізімге алды, – делінген хабарламада.
Қауіпсіздік қызметінің тергеушілері жүйелі жұмыстардың нәтижесінде «ДХР қоғамдық палатасы» агрессорын құрған 12 өкілдің аты-жөнін анықтады. Бұл оккупациялық орган Кремльдің басып алынған Донецк облысының аудандарында заңсыз плебисцит дайындау мен өткізу жөніндегі түйінді міндеттерін орындаған.
Қауіпсіздік қызметінің ақпарына сәйкес, бұл фейк ұйымға жергілікті әкімшіліктің шенеунік коллаборанттары мен коммерсанттар кірген. Олар Ресей бюджетіне жұмыс істеуге өз еріктерімен келіскен.
Кезінде тап солар лаңкестердің басшысы Денис Пушилинге «шұғыл үндеу» жолдап, өңірді кейін Ресей құрамына қосу ниетімен тез арада Украина құрамынан шығаруды талап еткен.
Коллаборанттар «хатты» дайындар алдында жергілікті тұрғындар арасында Ресей оккупанттарына қолдау көрсетудің жаппай үгіт науқанын жүргізуді ұйымдастырған. «Шараларға» Кремльдің насихатшылары мен жау ақпарат ресурстары белсене қатысқан.
Украина Қауіпсіздік қызметі РФ уақытша басып алған Запорожье облысының территориясында жалған референдум өткізуді ұйымдастырған 11 адамның аты-жөнін атады. Олар Энергодарда, Мелитопольде және Каменка-Днепровскіде агрессорлар құрған «территориялық сайлау комиссияларының» құрамдарына кірген. Әшкере болған он бір коллаборанттың төртеуі «территориялық сайлау комиссиясының» басшысы деп аталатын «лауазымды» қызмет атқарған. Оккупацияға ұшыраған қалаларда тап осылар үгіт жұмыстарын жүргізіп, фейк плебисцитке қолдау көрсеткен, жұртты сайлауға белсене қатысуға шақырған. Олардың Кремль берген нұсқау бойынша жұмыс істеп, РФ насихатшыларымен бірлесе тірлік еткендері анықталды. Сондай-ақ олар жергілікті тұрғындардың жеке тұлғалық мәліметтерін жазып алып, оларды сайлаушылар тізімін жасау үшін пайдаланған, соңында солардың аттарынан өздері дауыс берген.
Қауіпсіздік қызметінің өкілдері коллаборанттары мен олардың кремльдік кураторларының қылмысты әрекеттерін құжатқа түсірді. Қазір оларды жауапқа тартудың әрекеттері жасалып жатыр.