Тоқаев сайлауда дауыс берді
Тоқаев сайлау учаскесіне таңғы сағат 9 шамасында келді
Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауында дауыс берді, деп хабарлады Halyq Uni.
Ол Астанадағы әл-Фараби атындағы оқушылар сарайындағы №59 сайлау учаскесіне таңғы 9 шамасында келді. Сайлауда дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрағына жауап берді.
Halyq Uni тілшісі президенттен бұл сайлауда өзіне қай кандидатты басты қарсылас санайтынын және сайлауда жеңіске жетсе, қандай кадрлық өзгерістер болатынын сұрады.
Бұрын президенттікке үміткерлерді жақсы білген жоқпын. Бірақ олар – еліміздің лайықты, білімді және тәжірибелі азаматтары. Сондықтан кандидаттар келешекте елімізге пайдалы қызмет ететініне еш күмәнім жоқ. Сайлаудан кейін кадрлық өзгерістер болады. Үкімет отставкаға кетпейді. Себебі заң бойынша Мәжіліс сайлауынан кейін Үкімет отставкаға кетуі керек. Дегенмен кейбір өзгерістер Үкімет болсын және тағы басқа мекемеде міндетті түрде болады, - деп жауап берді Тоқаев.
Айта кетейік, 20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Қазақстандықтар жергілікті уақыт бойынша таңғы 07:00-ден бастап кешкі 20:00-ге дейін дауыс бере алады.