×

Метеорологияда жарты ғасырға жуық еңбек еткен үздік қызметкерлер

Сала мамандары жердегі атмосфералық құбылыстарды қадағалап, ғылыми түрде зерттеп, түсіндіруге тырысады

 Халық үні 19.11.2022 | 13:50
Фото: Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, скрин видео

Синоптиктер қысқа уақыттағы ауа-райы туралы ақпарат алып, табиғаттың тосын мінезіне болжам жасайды, ал метеорологтар жердегі атмосфералық құбылыстарды қадағалап, ғылыми түрде зерттеп, түсіндіруге тырысады. Қазақстанда метеорологияға саналы ғұмырын арнап, адал еңбек еткен мамандар бар, деп хабарлады Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі.

«Қазгидрометтің» ең үздік қызметкерінің бірі – Нина Виткалова.

Ол гидрометорталықта 42 жыл жұмыс істеп, құрметті еңбек демалысына шыққан.

Нина Виткалова 1984 жылы Ташкент гидрометехникумын бітіріп, 1989-1995 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде білім алып, инженер-метеоролог атанды.

Жас қызметкер Жетіқара АМС-да тер төкті. Кейін Қостанай қаласының гидрометорталығына келді.
2010 жылы ол «Қазгидромет» РМК Қостанай облысы бойынша филиалының Гидрометеорологиялық мониторинг бөлімінің басшысы болып тағайындалды. Нина Виткалованың адал және жанкешті еңбекқорлығы орталықтағы қызметкерлерге үлгі болды. Оның еңбегі «Қазгидромет-90 жыл» және «Гидрометеорология саласының үздігі» төсбелгілерімен бағаланды.
Сондай-ақ ардагер-маман метеорологтар мен синоптиктердің бірнеше ұрпағын оқытып, дайындап шықты.

Қазақстанның метрологиясы саласына еңбегі сіңген маманның бірі – Валентина Караулан.

1958 жылы ол Украинада мектеп бітіріп, бірден Одесса гидрометеорологиялық институтының Метеорология және агрометеорология факультетіне оқуға түсті.

1963 жылы институтты бітірген соң Қазақстанға жіберілді. Алматыда 3 айлық тағылымдамадан өтіп, Солтүстік Қазақстанның бес облысын біріктірген тың өлкесінің астанасы — Целиноградқа жұмысқа жіберілді.

Ол Ақмола гидрометеобюросының қайта құрылуына себеп болды, оның функциясы Целиноград гидрометеорологиялық обсерваториясына (ЦГМО) дейін кеңейтілді.

Валентина Караулан еңбек жолын инженер-метеоролог қызметінен бастады. Маман инженер, аға инженер лауазымында 15 жыл еңбек етті. Кейін метеорология бөлімінің басшысы болып тағайындалды. Ол жаңа бақылау пункттерінің ашылуына, метеостанциялардың ауысуына, әдістемелік тексерулерге, құрылғыларды орнатуға ат салысты.

1987 жылы ЦГМО ұжымының жалпы жиналысында Валентина Караулан гидрометобсерваторияның директоры болып сайланды. 10 жыл бойы осы қызметті атқарды.

Астанадағы гидрометеорологиялық орталықты 30 жыл басқарды. Қазір ол құрметті еңбек демалысында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама