«Үздік педагог-2022» байқауының жеңімпаздары 3 миллион теңгеден қаржылай сыйақы алды
Ақшалай сертификаттар мен төсбелгілерді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов табыстады
Мектептер мен колледждердің үздік 64 педагогі 190 млн теңгеден астам қаражат алды. Осыған орай Астанада салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Үздік педагог-2022» республикалық байқауының 64 жеңімпазы (әр мұғалімге 3 млн теңге) 190 млн теңгеден астам қаражат алды. Салтанатты марапаттау рәсімі елордадағы Radisson Hotel Astana қонақүйінде өтті. Астанада өткен салтанатты іс-шарада мектептер мен колледждердің үздік мұғалімдеріне ақшалай сертификаттар мен төсбелгілерді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов табыстады.
Министр әріптестерін «Үздік педагог» атағымен құттықтап, өз ісіне адалдығы мен білім саласын дамытуға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ министр ұстаздарға қиын болса да, бірақ ұлы кәсіпте жаңа табыс мен жетістік тіледі.
Мұғалім мамандығы қай кезеңде болмасын ең қастерлі мамандықтардың бірі саналады. Ал бүгін, әріптестер, сіздер Ахмет Байтұрсынов, Ыбырай Алтынсарин сынды көрнекті ағартушылардың игі ісін жалғастырып келесіздер. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сайланған күннен бастап ұстаздарға үлкен көңіл бөліп келеді. 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша жыл сайын тәрбиешілердің, мұғалімдердің, колледж оқытушыларының жалақысы көтеріліп келеді. Заң ұстаздарды міндетіне жатпайтын функциялардан босатуға мүмкіндік берді. Жолдауды жүзеге асыру аясында 2023 жылдың қаңтарынан бастап тәрбиешілер мен мұғалімдердің жалақысы тағы 25%-ға өседі. Қазір әріптестердің көпшілігі аптасына 6 күн емес, 5 күн жұмыс істейді. Сондай-ақ еңбек өтілі 25 жылдан асатын әріптестер арнайы медальдармен марапатталады. Ал біз бұдан да қолайлы жағдай жасау үшін жұмысты жалғастыра бермекпіз. Республикалық «Үздік педагог» байқауы өз саласының үздіктерін анықтап, еңбегіңізді, тәжірибеңіз бен біліміңізді бағалауға септігін тигізеді. Сіздер кәсіби мамансыздар. Сіздерге зор денсаулық, амандық тілеймін, - деді министр Асхат Аймағамбетов құттықтау сөзінде.
Байқаудың республикалық кезеңінде аудандық, қалалық және облыстық кезеңдердің қорытындысы бойынша 123 мұғалім «Үздік педагог – 2022» атағы үшін сынға түскен болатын. Байқаудың барлық кезеңін цифрландырудың арқасында биыл байқауға мұғалімдердің рекордтық саны, яғни 5,5 мыңнан астам мұғалім қатысты. Өтініш берген сәттен бастап үміткерлер байқаудың динамикасын онлайн бақылау мүмкіндігіне ие болды. Олар қатысушылар қай кезеңде, қандай ұпайлар қойылды және т.б. бақылай алды.
Байқаудың республикалық кезеңінің қатысушылары ашық сабақтар өткізді және оны конкурс комиссиясы бағалады. Осындай шаралардың арқасында қатысушылардың саны ғана емес, олардың сапалық құрамы да артты. Республикалық конкурс комиссиясының құрамында қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, ата-аналар қауымының өкілдері, журналистер, белсенді мұғалімдер және т.б. азаматтар болғанын еске сала кетейік.