Halyq Uni логотип
×

Польшаға құлаған ракетаны тексерудің алғашқы қорытындысы шықты

Бұған осының бәріне негіз болып отырған Ресей тарапы ғана кінәлі

 Дастан Жұмабекұлы 18.11.2022 | 17:57
Польшаға құлаған ракетаны тексерудің алғашқы қорытындысы шықты
фото: delfi.lt

Польша ракета құлауы жайын тексерудің алғашқы қорытындыларын мәлімдеді. Бұл туралы «Европейская правда» хабарлады.

Польша ракета құлаған жерден айғақтарды жинаған. Поляк президенті жанындағы халықаралық саясат бюросының басшысы Якуб Кумох TVN24 телеарнасына берген сұхбатында осы турасында ой қозғады.

Қазір бұған қатысты көптеген деректер бар. Атап айтқанда, Ресей жіберген ракетаны атып құлатуды көздеген ракета нысанаға дөп тимей әрі өзін-өзі жойып жіберу жүйесі істемей қалып, өкінішке қарай, қайғылы жағдайға алып келген, – деді Кумох.

Оның айтуынша, ракета құлаған жерде қазір поляк-америка тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ украиндар да өздерін тергеуге араластыруды өтінген.

Егер екі тарап келіссе, менің білуімше, бұған Америка жағының қарсылығы жоқ. Жақын уақытта оларға сондай мүмкіндік беріледі. Егер тергеу тобының техникалық деңгейде ескертпелері болмаса, онда, бәлкім, украиндарды қосудан бас тартуға ешқандай негіз жоқ, – деді ол.

Тергеудің қандай айғақтары бар екені жөніндегі сұраққа ол: «Ракета сынықтары, кратердің тереңдігі, содан кейін сарапшылар ракетаның қайдан ұшып шыққанын, тіпті оның қанша отынды жағып үлгергенін анықтай алады», – деп жауап берді.

Кумох «видеожазба бар» дегенді де айтты.

«Мен тек оның мазмұны жайында әзір ештеңе айта алмаймын. Себебі мен оны құпияланған режимде көріп шықтым», – деді ол.

Ссонымен бірге бюро басшысы «бұл орайда ешкім де Украинаны айыптай алмайды, ол поляк территориясын қасақана бомбылаған жоқ» дегенді ерекше атап көрсетті.

Ресей сол күні Украинаны жан-жақтан жаппай бомбылап жатты. Бір күнде 100-ге жуық ракетамен атқылады. Сондықтан онда құлаған нәрсенің бәріне Ресей жауапты. Бұл бір кісінің күтпеген жерден жол үстіне шығып кетіп, автомобиль мен автобустың бір-бірімен соқтығысып қалуларына себеп болған жағдайды еске түсіреді. Сонда оған машиналар кінәлі бола ма? Жоқ, жол үстіне шығып кетіп, апатты туғызған адам кінәлі, – деді ол.

Польша президенті Анджей Дуда елдің шығысында болған жарылыстың қайғылы оқиға екенін айта отырып, Варшаваның аталған инцидентті елге жасалған шабуыл деп есептемейтінін жеткізді. Өйткені, Дуданың айтуынша, мұнда келіп құлаған ракетаны украин әуе қорғанысы күштері Ресей ракетасын атып түсіру мақсатында атқаны күмән туғызбайды. Бұған осының бәріне негіз болып отырған Ресей тарапы ғана кінәлі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама