×

Алматылық дәрігерлер 68 жастағы кейуанаға көру бақытын сыйлады

Осы жылдың 9 айында 600-ге жуық ота жасалған

 Динара Амантай 18.11.2022 | 17:52
Фото: gov.kz

Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері 68 жастағы зейнеткердің көзіне күрделі ота жасап, көру қабілетін қалпына келтірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Сол жақ көздің глаукомасы, асқынған катаракта» деген диагноз қойылған 68 жастағы зейнеткер Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық аурухана мамандарының көмегіне жүгінген. Пациенттің екінші көзі мүлде көрмей қалған. Яғни, оң жақ көз IV деңгейлі глаукома, яғни зағиптық стадиясына өтіп кеткен.

Бөлімше меңгерушісі Гүлзат Әбдірайымова бастаған мамандар әжейдің жасы, жоғарғы қан қысымы сынды қосымша сырқаттарына қарамастан күрделі ота жасау туралы шешім қабылдаған. Осылайша, асқынған катарактаға ота жасалып, көзге жасанды қарашық орнатылды. Операция жарты сағатқа созылды. Бұл пациентті катарактадан арылтып, көру қабілетін қалпына келтірудің жалғыз жолы болатын, дейді дәрігер.

Жоғары қан қысымын, оның үстіне, аяқ жолын көруге сеп болып отырған жалғыз көзге ота жасау қажеттігін ескере отырып, алдымен науқастың денсаулығын реттеуге күш салдық, дайындадық. Мұндай күрделі ота пациент үшін ғана емес, хирург үшін де қауіпті болды. Пациенттің бақытына қарай, офтальмологтардың біліктілігінің арқасында ота сәтті өтті. Қазір пациенттің көзі жақсы көреді, – дейді маман.

Дәрігерлердің жұмысына риза болған кейуана оларға өз алғысын жаудырып, жақсы тілектерін жеткізді.

Керемет! Мен ендігі су қараңғы болып қалған шығармын деп ойлайтынмын. Бұл кереметті жасаған Гүлзат Талғатқызына алғысым шексіз! Ота жасап, маған жарық дүниені көру бақытын сыйлады. Дәрігерлердің деніне саулық, бақыт тілеймін. Алдағы уақытта да жұмыста табысты болыңыздар! Ақ халатты абзал жан деген құрметке лайық болыңыздар! Осынша адамға көз жанарын «қайтарып», көруге мүмкіндік сыйлап жатқан қолдарыңыз дерт көрмесін, – деді ол.

Еске сала кетсек, Орталық қалалық клиникалық аурухана Алматының ғана емес, республика өңірлерінің халқына жоспарлы офтальмологиялық көмек көрсететін мегаполистегі жалғыз қалалық аурухана. Осы жылдың 9 айында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде 600-ге жуық ота жасалған. Олардың басым бөлігі – осындай жоғары технологиялық күрделі оталар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама