Ресейде халықаралық іздеуде болған Қазақстан азаматы ұсталды
Күдікті 8 жыл бойы іздеуде болған
Ресейде халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматы ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
16 қарашада Маңғыстау облысының ПД Криминалдық полиция басқармасының іздестіру тапсырмасымен РФ ІІМ Орловск облысы бойынша Новосильск бөлімшесінің қызметкерлері жедел-іздестіру шарасы кезінде Қазақстан азаматын ұстады.
Әйел алаяқтық қылмыс жасады деген айыппен 8 жыл бойы іздеуде болған. Ол 2010 жылдың сәуір айында жалған құжаттар бойынша алаяқтық жолмен жәбірленушіге банкте кепілде тұрған Мұнайлы ауданы мекенжайы бойынша жер учаскесін 1,5 млн теңгеге сатқан. Сондай-ақ осы жылдың маусым айында жәбірленушіге Мұнайлы ауданындағы жер учаскесін жалған құжаттармен 4,5 млн теңгеге сатып жіберген. Жалпы, күдіктінің алаяқтық әрекеттерінен 74 жәбірленуші зардап шегіп отыр. Келтірілген материалдық шығын 50 млн теңгеден асады.
Полиция қызметкерлері 71 жастағы күдіктіні РФ ІІМ Новосильск бөлімшесінің уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазір оған қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.