Ынтымастық елге 400 млрд доллардан аса инвестиция тартуға ықпал етті
Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Орталық Азия мемлекеттері және Еуропалық Одақтың сыртқы істер ведомстволары басшыларының 18-кездесуіне қатысты.
ЕО делегациясын Еурокомисияның вице-президенті және ЕО сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррелл басқарды.
Кездесуде тараптар өзекті өңіраралық және әлемдік мәселелерді, соның ішінде қауіпсіздіктің жалпы сын-қатерлерін Ауғанстандағы жағдайды қоса алғанда, экономикалық, сауда және инвестициялық ынтымақтастықты, қоршаған ортаны қорғау, су пайдалану және климат, сондай-ақ білім, ғылым және инновация салаларындағы өзара іс-қимылды талқылады.
Қазақстандық делегация басшысы 27 қазанда Астанадағы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының және Еуропалық Кеңес президентінің алғашқы кездесуінің негізгі қорытындыларын атап өтіп, жоғары деңгейде келісілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ол әлемде және өңірде қарқынды өзгеріп жатқан ахуал жағдайында өзара мүдделерді сақтай отырып, тараптардың күш-жігерін үйлестіруді күшейтудің маңыздылығын атап көрсетті.
Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның ғылымның, технологиялар мен инновациялардың негізгі рөліне назар аудара отырып, жан-жақты ынтымақтастықты арттыруға және еуропалық әріптестермен өзара байланысты жақсартуға дайын екенін атап өтті. Осыған байланысты ол еуропалық тарапқа жаңа өңіраралық өзара іс-қимыл бағдарламаларын бастау туралы ұсыныс жасады.
Қазақстанның бастамасын Орталық Азияның барлық мемлекеттерінің өкілдері толық қолдады.
Сондай-ақ СІМ басшысы Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін жасалған қолайлы инвестициялық ахуал туралы атап өтті. Бұл шешім елге 400 млрд доллардан аса шетелдік инвестицияларды тартуға ықпал еткен. Сонымен бірге биыл Қазақстанның Орталық Азия елдері және Еуропалық Одақпен тауар айналымының өсімі атап өтілді.
Шара барысында 2023 жылғы мамырда Астана қаласында Екінші ОА-ЕО экономикалық форумын өткізу жоспарланып отырғаны хабарланды.