Өңірге шетелден 500-ге жуық адам келген
Биыл 9 айда Павлодар облысынан еліміздің басқа өңірлеріне 6,6 мың адам көшіп кеткен, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
Облыстық статистика департаментінің мәліметінше, өңірден көшіп кеткендердің 53,9%-ы Астанаға, 10,4%-ы Алматыға қоныс аударған.
Көші-қон қызметінің дерегінше, Қазақстанға тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны – 4 934 адам. Бұл 2021 жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда 4,1%-ға аз.
Елімізден кеткен көшіп-қонушылардың тіркелу саны 0,9% азайып, 8 939 адам болды. Көші-қонның айырмашылығы – 4005 адам.
Сыртқы көші-қон бойынша Павлодар облысына 468 адам көшіп келді. Оның ішінде ТМД елдерінен 352 (82,7%-ы Ресейден келген), ал әлемнің басқа елдерінен 116 адам қоныс аударды (55,2%-ы – Моңғолиядан, 25,9%-ы – Германиядан), - деп жазылған хабарламада.
Қазақстанның басқа өңірлерінен Павлодар облысына 4 466 адам көшіп келді, олардан 27,6%-ы – Астанадан, 11,2%-ы – Түркістан облысынан.
Биыл 9 айда облыстан шет мемлекетке 2 338 адам көшіп кеткен: 2001 адам (99,1%-ы) Ресейге көшкен. Ал әлемнің басқа елдеріне 337 адам (86,9%-ы Германияға ) қоныс аударған.