Жыл басынан бері 700 мыңға жуық адам АӘК алды

Дәурен Ерболат

Бюджеттен 65 млрд теңге бөлінген

Фото: massaget.kz

Биыл 11 айда Қазақстанда 700 мыңға жуық адам атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай  бойынша 135,8 мың отбасындағы 699,1 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Биыл АӘК-ке бюджеттен 64,5 млрд теңге бөлінді, - деп жазылған хабарламада.

Атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады. Сондай-ақ АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде барлық өңірде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Биыл 1 қарашада АӘК алушылар қатарындағы 1-6 жас аралығындағы 191,4 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды, - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, қаңтарда жариялған төтенше жағдайға байланысты 2021 жылғы төртінші тоқсанында АӘК алған азаматтарға төлемдер 2022 жылғы 1 тоқсанға дейін автоматты түрде ұзартылды. Оларға электронды үкімет порталы арқылы өтініш беруге мүмкіндік жасалды.

Бүгінде қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, еgov.kz порталы арқылы бере алады.