Жыл басынан бері 700 мыңға жуық адам АӘК алды
Бюджеттен 65 млрд теңге бөлінген
Биыл 11 айда Қазақстанда 700 мыңға жуық адам атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 135,8 мың отбасындағы 699,1 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Биыл АӘК-ке бюджеттен 64,5 млрд теңге бөлінді, - деп жазылған хабарламада.
Атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады. Сондай-ақ АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде барлық өңірде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Биыл 1 қарашада АӘК алушылар қатарындағы 1-6 жас аралығындағы 191,4 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды, - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, қаңтарда жариялған төтенше жағдайға байланысты 2021 жылғы төртінші тоқсанында АӘК алған азаматтарға төлемдер 2022 жылғы 1 тоқсанға дейін автоматты түрде ұзартылды. Оларға электронды үкімет порталы арқылы өтініш беруге мүмкіндік жасалды.
Бүгінде қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, еgov.kz порталы арқылы бере алады.