Спортшы медициналық комадан шықты
ESPN телеарнасының сарапшысы және АҚШ-тағы бокстың белгілі шолушыларының бірі Дэн Рафаэль боксшы Айдос Ербосынұлының жағдайы туралы жағымды ақпарат жариялады.
Ол дәрігерлердің берген мәліметіне қарап, Ербосынұлының медициналық комадан шыққанын және жағдайының жақсарғанын айтты.
Жекпе-жектен кейін екі апта өткенде боксшының жағдайы жақсарды. Айдос сөйлей алады. Аздап өз бетінше жүре алатын болды, – деді Дэн Рафаэль.
Еске сала кетсек, отандасымыз кубалық Давид Моррелден нокаут алып, жеңілгеннен кейін шұғыл ауруханаға жеткізілген болатын. Ол ауруханада екі жұма комада жатты.