Чемпиондық атағын қорғаған Жәнібек Әлімханұлына рингке шығуға шектеу қойылды
Әлімханұлына осы жылдың 13 желтоқсанына дейін жекпе-жек өткізуге ресми түрде тыйым салынды
Орта салмақтағы WBO чемпионы Жәнібек Әлімханұлына (13-0, 8 КО) рингке шығуға уақытша шектеу қойылды, деп хабарлайды Sports.kz.
Әлімханұлы 13 қарашада Лас-Вегаста британдық Дензель Бентлимен (17-2-1, 14 КО) жекпе-жек өткізіп, чемпиондық атағын қорғады. Кездесу төрешілердің бірауызды шешімімен қазақстандық боксшының жеңісімен аяқталды.
Жекпе-жектен кейін Невада штатының Атлетика комиссиясы боксшыларға шектеу қойды.
Сонымен Әлімханұлына осы жылдың 13 желтоқсанына дейін жекпе-жек өткізуге ресми түрде тыйым салынды, ал Бентли шаршы алаңға келесі айдың 28-інен бұрын шыға алмайды. Бұл шара медициналық сипатқа ие және боксшылардың дұрыс қалпына келуіне бағытталған.
Еске салайық, Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) Әлімханұлы Бентлиді жеңген жағдайда оған мексикалық Хайме Мунгиямен жекпе-жек өткізуді міндеттеген болатын.
Енді «Qazaq style» лақап атымен танымал боксшымыз Х.Мунгия командасынан жауап күтіп жүр.