Отбасына көмектескенсіп жүретін 30 жастағы ер адам қыз баланы зорлап кеткен
Шығыс Қазақстан облысындағы Тұғыл ауылының тұрғындары дабыл қақты. Айтуларынша, ауылда анасыз қалған 12 жасар қызды зорлап кеткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Тұғыл ауылының тұрғындары «НеМолчи.кз» қоғамдық қорына хат жолдаған.
«12 жасар қыз әкесімен тұрады. Әкесі үнемі ішімдік ішеді. Үйіне бөтен ер адамдарды алып келеді. Қыз өте ақылды, тәрбиелі. Бұл отбасының жағдайын қорғаншылық ұйымдары мен әкімшілік жақсы біледі. Бірақ еш шара қолданбайды. Отбасына көмектескенсіп жүретін 30 жастағы ер адам қыз баланы зорлап кеткен. Енді түк болмағандай бостандықта жүр», - деп жазылған хатта.
Тұрғындар педофил тиісті жазасын алсын, өйткені ол басқаларға да қауіп төндіреді дейді. Айтуларынша, қыздың жағдайын мектеп әкімшілігі мен полиция біледі. Бірақ жауапкершіліктен қашып, қызды Алматыға жібермек.
Бұл ақпаратқа қатысты Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті тергеу амалдарын бастаған.
«Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті 12 қарашада сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазіргі уақытта істің мән-жайын анықталып жатыр. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді", - деп мәлімдеді полицияның баспасөз қызметі.