Қырымбек Көшербаев «Ембімұнайгаз» АҚ-на тәуелсіз директор болды

Дастан Жұмабекұлы

Сонымен бірге ол компанияның директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды

фото: ашық дереккөз

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының шешімімен Қырымбек Көшербаев «Ембімұнайгаз» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директоры болып сайланды.

Қырымбек Елеуұлы Қазақ политехникалық институтын (1978), СОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын (1991) бітірген. Инженер-құрылысшы, саясаттанушы. Саяси ғылымдар докторы, философия ғылымдарының кандидаты. Бірінші санатты төтенше және өкілетті елші (2003).

Еңбек жолын «Главрисхозстрой» мекемесінде инженер, өндірісті дайындау тобының бастығы болып бастады (1978-1979). Кейін Бүкілодақтық екпінді комсомол құрылыс штабы Қызылорда облысы күріш инженерлік жүйесінің бастығы (1979-1981), Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінің комсомолдық екпінді құрылыс ұйымдары секторының меңгерушісі (1981-1982), Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінің жауапты ұйымдастырушысы (1982-1983), Қазақстан ЛКЖО Қызылорда қалалық комитетінің бірінші хатшысы (1983-1986), Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінің комсомолдық ұйымдар бөлімі меңгерушісінің орынбасары (1986-1987), Қазақстан ЛКЖО Орталық комитеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі (1987-1988), Мәскеу қаласында КОКП Орталық жанындағы қоғамдық ғылымдар Академиясының аспиранты (1988-1991), Қазақ КСР Президенті Аппаратының мәдениет және ұлтаралық қатынастар Референтурасының референті (1991), Қазақстан Республикасы премьер-министрі орынбасарының көмекшісі (1991-1994), Алматы қаласы Калинин аудандық әкімшілігінің басшысы (1994-1995), Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Аппараты жетекшісінің орынбасары, ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі (1995), Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппараты жетекшісінің орынбасары аумақтық даму бөлімінің меңгерушісі (1995-1996), Қазақстан Республикасы президентінің баспасөз хатшысы, баспасөз қызметінің жетекшісі (1996-1997), Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрі (1997-1999), Денсаулық сақтау, білім беру және спорт министрі (1999), Білім және ғылым министрі (1999-2000), Батыс Қазақстан облысының әкімі (2000-2003), Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі (2003-2006), Маңғыстау облысының әкімі (2006-2011), Қазақстан Республикасы президентінің кеңесшісі (2012), Премьер-министрдің орынбасары (2012-2013), Қызылорда облысының әкімі (2013-2019); Президент Әкімшілігінің басшысы (2019), Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы (2019-2022) болып қызмет атқарған.