Сайлау күні билікке шабуылдамақ болған қылмыстық топ ұсталды (ВИДЕО)

Динара Амантай

Арнайы операция нәтижесінде 7 адам ұсталды

Фото: Halyq Uni

ҰҚК қарашада жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырмақшы болған қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

2022 жылғы 17 қарашада ҰҚК прокуратураның көмегімен 20 қарашада жаппай тәртіпсіздіктерді жоспарлап, ұйымдастырмақшы болған қылмыстық топтың жолын кесті. Арнайы операция нәтижесінде 7 адам ұсталды.

ҚР Қылмыстық кодексі 179-бабының 2-бөлігі және 272-бабының 1-бөлігі бойынша тергеу басталды. Ұсталғандардың тұрғылықты жері бойынша заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Прокуратура санкциясымен олардың жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының әкімшілік ғимараттарына, тіршілікті қамтамасыз ету объектілеріне қару мен тұтандырғыш қоспаларды қолдану арқылы шабуыл жасауға дайындалғандары құжатталған.

Анықталғандай, топтың әрбір мүшесінің рөлі нақты бөлінген. Олар қылмыстық жоспарларын жасырын түрде тұрақты кездесулер барысында талқылап отырған. Сондай-ақ топ мүшелері «бөтелке лақтырғыш» деп аталатын жабдықтар жасап, олардың көмегімен «Молотов коктейльдерін» лақтыра отырып, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне шабуыл жасауды жоспарлаған.

Жасырын орындар ұйымдастырып, оған қылмыс жасауға арналған құралдар – Калашников автоматы, ойық ұңғылы «Меркель» мылтығы, екі тегіс ұңғылы кесілген мылтық, оқ-дәрілер, «Молотов коктейльдеріне» арналған сұйықтықтықты бөтелкелер, «бөтелке лақтырғыштар», бензин құйылған құтылар, рациялар сақтаған.

Күдіктілер ҚР ҚПҚ-нің 128-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Өзге мәліметтер ҚПҚ-нің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.