Ірі теміржол уческесінің құрылысы басталды
Оның қашықтығы 836 шақырым болады
Қарағанды облысында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Достық – Мойынты теміржол учаскесінде екінші жолдың құрылысы басталды.
Оның қашықтығы 836 шақырым болады. Ол отандық өнімнің экспортын көбейтуге және елдің транзиттік әлеуетінің өсуіне ықпал етеді. Құрылыс барысында 419 құрылыс нысаны (5 ірі көпір, 87 шағын және орта масштабтағы көпір, 288 су жүргізу құбыры, 14 автожол өткелі), сондай-ақ энергетика және байланыс объектілерін салу жоспарланып отыр. Құрылыс 2025 жылдың 4-тоқсанында аяқталуға тиіс.
Жұмысты іске қосу рәсіміне телекөпір режимінде премьер-министр Әлихан Смайылов қатысты. Ол осындай стратегиялық маңызы бар жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқанын және еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамытуда маңызы зор екенін атап өтті.
Үкімет басшысының айтуынша, соңғы 5 жылда елімізде транзитпен контейнер тасымалдау көлемі 4,4 есе өскен. Биылғы 10 айда экспорттағы жүк айналымы 74 млрд тонна-шақырымнан асты. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға артық.
Теміржол саласында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру туралы шешім қабылданды. Олардың ішінде Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Дарбаза – Мақтаарал, Алматы маңындағы айналма жолдар және басқалар бар.
Міне, бүгін соның бірі – Достық – Мойынты екінші теміржол құрылысын бастағалы тұрмыз. Бұл жоба осы бағытта өткізу мүмкіндігін 5 есе арттыруға мүмкіндік беріп, экспорттық тасымал мәселесін толық шешеді, – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр жобаны іске асыру кезінде еліміздің үлесі 80%-дан асатынын атап өтті. Атап айтқанда, шпалдарды, рельстерді, трансформаторларды жасауды, инертті материалдарды, құм мен қиыршық тасты жеткізуді жергілікті компаниялар іске асыратын болады. Құрылыста 3 700 адам жұмыс істейді. Ал теміржол желісі пайдалануға берілген кезде 500 адам тұрақты жұмысқа орналастырылады.
Әлихан Смайылов жаңа теміржол учаскесіндегі жұмыстарды іске қоса отырып, жобаны іске асырудың жиынтық тиімділігі 20 жыл ішінде бюджет түсімдерін 4,1 трлн теңгеге қосымша ұлғайтуға мүмкіндік беретінін айтты.