Әлемдік додаға 120 елдің жас спортшысы қатысып жатыр
Ағайынды жас спортшылар – Арслан Берік пен Арсен Берік джиу-джитсуден Біріккен Араб Әмірліктерінің Әбу-Даби қаласында өтіп жатқан «Abu Dhabi World Professional Jiu-Jitsu Championship 2022» әлем чемпионатында алтын медальді жеңіп алды.
Әлемдік дода 11-19 қараша аралығында өтіп жатыр. Оған әлемнің 120 елінен келген жас спортшылар қатысып жатыр.
Бұл чемпионат AJP Tour халықаралық турнирлерінің соңғы кезеңі болып саналады. Ол – әлемдегі ең беделді бразилиялық JIU-JITSU жарыстарының бірі. Осы жарыста Арслан Берік финалда Пәкістаннан келген қарсыласын 2 минутта мерзімінен бұрын жеңсе, Арсен Берік шешуші кездесуде қарсыласының қолына ауырту тәсілін жасап, қылқындыру әдісімен жеңіске жетті.
Арсланның спорттың осы түрімен айналысып келе жатқанына жарты жылдай уақыт болса, Арсен онымен 1 жыл, 6 ай айналысып келеді.
Бұл жарыста Арсланның қарсыластары Біріккен Араб Әмірлігі, Кувейт пен Пәкістаннан болды. Ал Арсен Кувейт, БАӘ мен АҚШ-тан келген спортшылармен күш сынасты. Негізі олардың салмағында әлем чемпионатына 40 шақты спортшы қатысып жатыр. Соған қарамай, екеуі де үздік екенін дәлелдеп, чемпион атанды.
Бразилиялық джиу-джитсудан Арслан Берік 8-9 жас аралығындағы спортшылар арасында 3-балалар санатында үздік атанған. Ал Арсен Берік 6-7 жас аралығындағы қарсыластар арасында 2-балалар санаты, сұр белбеу бойынша қарсылас шақ келтірмеген.
Айта кетсек, Арсен Берік – түркі әлемінің екі дүркін чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері, оның ішінде республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы.