Дариға Назарбаеваның депутаттық өкілетін тоқтатуға Мәжілісте бір адам қарсы болды
Экс-депутатты мандатынан айыруды 99 депутат қолдаған
Мәжіліс депутаттары Дариға Назарбаеваның өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату туралы келісімге келді.
Орталық сайлау комиссиясы Конституцияға және Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы заңға сәйкес өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініш беруіне байланысты Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыныс енгізген.
ОСК мүшесі Асылбек Смағұловтың айтуынша, депутаттар Назарбаеваның отставкаға кетуін қолдап, дауыс берген. Депутаттардың 99-ы қолдап, біреуі қарсы болған. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Дариға Назарбаеваның өкілетін тоқтату туралы қаулы қабылдады.
Мәжілістегі Nur Otan партиясы фракциясының бос мандаты Саясат Нұрбекке беріліп, ол депутат ретінде ант берді. Палата депутаттары Саясат Нұрбекті Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына сайлады.
Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстанның тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға ант етемін, - деді депутат.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева еңбек демалысында және коронавирустан кейін оңалту курсын алып жатқаны айтылған еді. Бұл ақпаратты депутаттың көмекшісі Жанна Ермакова растаған болатын.
Жақында «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының баспасөз мәслихатында Айдос Сарым «Дариға Назарбаева отставкаға кетуге тиіс» деген мәлімдеме жасады.
«Мен қалыптасқан жағдайда ол (Дариға Назарбаева) азамат ретінде отставкаға кетуге тиіс деп санаймын. Менің ойымша, бұл дұрыс болар еді», - деді депутат.
Дариға Назарбаева неге отставкаға кетуі керек деген сұраққа Айдос Сарым Қаңтар оқиғасы оның есімімен тікелей байланысты деп жауап берді.
«Халықтың наразылығына жауап беру керек. Бүкіл әлемде бұл саяси тұрғыдан, яғни отставкаға кету арқылы жүзеге асырылады. Қалыпты әлемдік тәжірибе. Біз Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысты емес адамдардың да отставкаға кеткенін көрдік. Бұл қоғамның әлеуетін ашып, басқаларға жол беру үшін жасалды», - деді депутат.