Комаға түскен боксшы Айдос Ербосынұлының жағдайы белгілі болды
Спортшы отадан кейін терапия бөлімінен палатаға ауыстырылды
WBA тұжырымы бойынша супер орта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін кубалық Дэвид Моррелмен жекпе-жекке шығып, одан жеңіліп, комаға түскен боксшы Айдос Ербосынұлының қазіргі жағдайы белгілі болды.
Ербосынұлы қарсыласынан кездесудің 12-раундында нокаутпен жеңілген болатын. Содан кейін ол Миннеаполис қаласындағы үздік клиникалардың біріне жатқызылды. Сол кезден бері боксшының жағдайы туралы Suleimen Promotions компаниясы хабарлап келеді.
Бүгін спортшының ресми өкілі саналатын компания тағы бір мәлімдеме жасады.
Жақсы жаңалық. Біздің батырымыз, екінші орта салмақтағы боксшы Айдос Ербосынұлы отадан кейін терапия бөлімінен палатаға ауыстырылды. АҚШ-тағы компания өкілінің айтуынша, оның денсаулығы жақсарған. Боксшы әлі де дәрігерлердің бақылауында. Батырымызға қолдау көрсетейік, – делінген хабарламада.
Бұған дейін компанияның өкілдері Айдос Ербосынұлының емделуіне жұмсалатын барлық шығындарды өздерінің мойындарына алатынын хабарлаған болатын.
Айдос Ербосынұлы кубалық Давид Моррельмен жекпе-жекте әуелі нокдаун алып, одан кейін ауыр нокаутқа түскен еді. Кездесуде төреші Тони Уикс осы жағдайды ескеріп, айқасты мерзімінен бұрын тоқтатып, жеңісті Моррельге берді.