«Аманат» жинағы Америка мен Еуропада зор қызығушылық тудырды
2022 жылы шілдеде америкалық Gaudy Boy баспасы қазақ әйелдерінің ағылшын тіліндегі тұңғыш антологиясы – «Аманат» кітабын жарыққа шығарды. Басылым редакторлары Зәуре Батаева мен Шелли Фейервезер-Вега қазақ, орыс тілдерінен аударды. Антология Америка мен Еуропада үлкен қызығушылық тудырып, көптеген рецензиялар жазылды. Назарларыңызға жазушы, ақын, ғалым және әдебиеттанушы Тимоти Уолштың The Millions (АҚШ) әдеби басылымында жарияланған рецензиясын ықшамдап ұсынып отырмыз.
Тимоти Уолш – әдеби сын кітабы мен төрт өлең жинағының, «Арабелла кітабы», «Дүние жетекте болғанда» кітабының авторы. Оның өлеңдері, эсселері және қысқа әңгімелері америка жұртшылығына жақсы таныс. Ол North American Review журналының Курт Воннегут фантастика сыйлығының, Висконсин көркем әдебиет академиясының және Нью-Джерси поэзиясы сыйлықтарының иегері. Өзі ұзақ жылдар бойы қызмет еткен Висконсин-Мэдисон университетінде Ph.D дәрежесін тәмамдаған ол Penelope's Thrill лақап атымен ән жазған.
АНАЛАР РУХЫ: «АМАНАТ» АНТОЛОГИЯСЫ ТУРАЛЫ
Бірнеше жыл бұрын досыммен Қазақстанның оңтүстік-шығысында өткен көшпенділер фестиваліне бардым. Қайнаған мегаполис Алматыдан небәрі он-ақ шақырым жер бізді мың жыл артқа апарғандай еді. Көк майсалы далада бұлт тәрізді киіз үйлер көтеріліп, түрлі-түсті ленталар мен жалаулар желмен бірге желбіреді. Найзамен, айбалтамен қаруланған салт аттылар бірінен бірі оза шапты. Әдемі таранып, сыңғырлаған тиындармен әшекейленген сәукелелі әйелдер көптің арасынан байсалмен қозғалып, күміс қоңырау үнді әшекейлері әр қадамына әуен үстей түседі.
Дүкенде үлкен ағаш ожау ұстаған қарт әжеден екі литр қымыз – құрамында жеңіл спирті бар ашытылған жылқы сүтін алдық. Қымыздан жұта отырып, Орталық Азияның түкпір-түкпірінен келген қатысушылар алыстағы нысанаға садақ оғы бұршақша жауып жатқан дәстүрлі садақ ату турниріне бардық. Садақшылар арасында әйелдер басым екен, олардың бірі жиналғандардың назарын аударғаны сонша, ол қайда барса да оның алдынан ошарылып жол беріп жатты. Әйел садақшылар ерлермен тең дәрежеде жарысты. Мен досымнан осы көргенімді сұрап едім, Арман мұның қалыпты нәрсе екенін айтты.
Фестивальге садақшы әйелдердің қатысуы гендерлік теңдіктің заманауи идеяларына жеңілдік емес, өйткені Қазақстандағы жауынгер әйелдердің дәстүрі шынымен де мыңдаған жылдар бұрын ежелгі скифтер дәуірінен басталады. Адриана Майор «Амазонкалар» кітабында нанымды көрсеткендей, ежелгі Грецияны таң қалдырған және ұзақ уақыт бойы миф деп есептелетін экзотикалық жауынгер әрі садақшы әйелдердің көп оқиғалары расында шынайы. Бұған соңғы археологиялық жаңалықтар дәлел. Бұл «аңыз» әйел жауынгерлер амазонкалар скифтердің кең мәдениетінің және оның тармақтарының бөлігі болды. Олар Орталық Азияда үстемдік құрып, VII ғасырдан біздің дәуірімізге дейін Ежелгі Грецияның шалғайдағы алдыңғы шебіне қарсы тұрды. А.Майор зерттеу еңбегінде қазіргі Қазақстанда көне «амазондық» дәстүрлердің болуын ерекше атап өтеді. Оның ойынша, көктемнің келгенін білдіретін Наурыз мейрамы тойланатын елдерде оларды әлі де көруге болады.
«ӘЙЕЛДЕРДІҢ РӨЛІ ЕРЛЕРДІҢ РӨЛІНЕН КЕМ БОЛҒАН ЖОҚ»
Осының барлығы Зәуре Батаева мен Шелли Фейервезер-Веганың аудармасымен жарық көрген «Аманат: Қазақстан әйелдерінің прозасы» антологиясынан Зира Наурызбаеваның «Менің элевсиндік құпияларым» атты эссесін оқып отырып, ойыма оралды.
Бұл терең эссе кеңірек экзистенциалды мәселелерді зерттей отырып, қазақ мәдениетіндегі әйелдердің рөлін талдайды, атап өтеді және бекітеді.
Бұл эсседе Наурызбаева бізді түнгі далада, Қазақстанның жүрегіндегі ұшы-қиыры жоқ жусандар патшалығына саяхатқа шығарады.
Осы бір жайт пен жағдай – көліктің жабық құрсағында түнгі сапарға шығуы, анасының қасында ұйықтап жатқан қызы – ғасырлар бойы қорған болған, өмір сыйлайтын әйел рөлін көрсетеді. Әйелдердің орталық рөлі көшпелі қазақ мұрасы мен олардың өмір сүруінің болжауға сыймайтын сипаты контекстінде одан да айқын көрінеді.
Көшпенділер мерекесінде садақшы қыздардың көз тартар көгілдір аспанға жебелерін қалай ататынын, қымыздың жағымды сылдыры сезімімді толқытқанын бақылап отырып, көшпелі өмір салты негізінен дұрыс екеніне көзім жетті. Өзбек жазушысы Хамид Исмаилов «Аманат» антологиясы туралы шолуында жазғандай, «түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде гендерлік айыру жоқ. Өткен көшпелілер атқа мінгендердің бәріне бірдей қарады, сондықтан бұл халықтардың тарихындағы әйелдердің рөлі ерлердің рөлінен кем болған жоқ».
Наурызбаева дұрыс атап өткендей, әйелсіз болашақ жоқ.
ҚАЗАҚСТАНДА ЖАЗУШЫЛАРҒА САЛЫСТЫРМАЛЫ ЕРКІНДІК БАР
«Аманат» – Қазақстан жазушыларының әңгімелері» антологиясының жариялануы Орталық Азия көркем әдебиетінің кеңінен қабылдануы мен таралуының маңызды кезеңі болып саналады. Бұл күндері Тәжікстанда немесе Өзбекстанда еркіндікке жету қиын, ал Түркіменстанның полициялық мемлекетінде мүлдем мүмкін емес. Бірақ Қазақстанда ең болмағанда шығармашыл жазушыларға (журналистерден басқа) салыстырмалы еркіндік бар. Сондай-ақ олар ер адам болған жағдайда мемлекеттік қолдауды жиі пайдаланады. Алты тілге аударылып, дүние жүзіне тараған қазіргі қазақ прозасының мемлекет қолдауымен шыққан антологиясында 30 автордың ішінде екі-ақ әйел бар. «Аманат» антологиясы – әйел авторларға деген немқұрайлы көзқарасқа жауап. Жиырмасыншы ғасырда Қазақстан бүкіл әлем үшін жабық болды. Расында, бүкіл кеңестік Орталық Азия дүниежүзілік аренадан жойылып кете жаздады. Бұл негізінен орыстандыру мен ұжымдастырудың опасыз бағдарламалары жергілікті халықтардың тілдері мен мәдениеттерін жоюды көздейтін, техногендік ашаршылыққа, жаппай қуғын-сүргінге және шексіз депортацияға әкелетін аймақ болды. Қазақстанда миллиондаған адамдар және олармен бірге мәдени мұраның үлкен бөлігі қаза болды.
Кеңес Одағы ыдырап, 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ мәдениеті мен тілінің жаңғыруы таңғаларлық қарқынмен басталды. Қай жерге барсаңыз да, қазақтың көне рәміздері көрсетіледі. Ұлттық валюта банкноттарындағы, дүкен маңдайшалары мен киімдердегі стильдендірілген барыс пен тұлпарлар сақ артефактілері мен тас петроглифтердегі бейнелермен бірдей. Қала, көше, өзен атаулары орысшадан бұрынғы қазақшаға ауыстырылды. Бүгінде Қазақстан ірі қалалардың, орасан зор мұнай мен минералды байлықтардың елі. Сталиннің Кеңес Одағының шалғай түкпіріндегі әртүрлі этностарды қоныстандырған жалған тәжірибесінен ел халқы көп ұлтты әрі көптілді атанды. Қазір Қазақстанның бұрынғы көшпелі мәдениеті мерекелерде қайта жаңғырғанымен, іс жүзінде сақтала бермейді (бірақ сталиндік қуғын-сүргіннен қашқан 100 000 қазақ көшпенділері әлі де Батыс Моңғолияда тұрады).
Осынау тізбекті оқиғалар «Аманат» антологиясында жинақталған әңгімелер мен очерктердің барлығында дерлік көрініс тапқан. Олардың көпшілігі Кеңес Одағы ыдырағанға дейін немесе одан кейінгі уақытты қамтиды және оның көптеген негізгі институттары ыдырап жатқан кезде өз жолын табуға тырысқан қоғамның қиындықтарын көрсетеді. Әңгімелердің көпшілігінде ауылдан келген қарттардың қаланың бөтен әлеміне көшуі туралы айтылады. Біз негізінен әйелдер мен аналар туралы айтып отырмыз, өйткені екінші дүниежүзілік соғыста көптеген ер адамдар қаза тапты, қуғын-сүргінге ұшырады: лагерьлерге кетті, Сібірге жер аударылды. Жастар мен қарт әйелдер урбанизация жағдайында «біртүрлі тас қалаға» қалай төтеп беруді білмейді. Айгүл Кемелбаеваның «Аштық» повесінің бір кейіпкері, «Мен сияқты көшпенді қазақ үшін қалаға сүйсіну оғаш әрі орынсыз сезім. Осындай үлкен, өмір сүруге қолайлы жерде мағынасыз нысандардың көбеюі әлемде халықтың шамадан тыс көбеюіне әкеледі», дейді.
АҒЫЛШЫН ТІЛДІ АУДИТОРИЯ ҮШІН ЖАҢА АВТОРЛАР
Отарлаудан кейінгі көптеген елдер сияқты Қазақстан да ұлттық тіл мәселесіне тап болды. Көптеген қазақтар орысша сөйлеп өсті, орыс мектебінде білім алды. Көбіне ауылдан шыққан қазақтар ана тілінде сөйлеп өсті. «Аманат» антологиясындағы 24 шығарманың жартысы қазақ тілінде, жартысы орыс тілінде жазылған. Қазақ тілінен Зәуре Батаева мен орыс тілінен Шелли Фейервезер-Вега аударды. Олар сонымен қатар кітаптың редакторлары және кіріспе сөз авторлары.
Ең таңғаларлығы – әңгіменің көркем баяндалуы мен бейнелеу тілінің аудармашылар тарапынан мүлтіксіз жеткізілуі. Жинақ жауһарға бай және барлық дерлік авторлар ағылшын тілді аудитория үшін жаңа.
Жұмагүл Солтының «Ромео мен Джульетта» хикаясында зейнет жасындаеғы театр режиссерына шұғыл түрде қонаққа келген шетелдік делегацияны таң қалдыру үшін спектакль қоюды сұрайды. Пьесаның бәсең темпі мен күтпеген сюжеттік иірімі қазақ дүниетанымының сүзгісінен өткенімен, Шекспир комедиясына лайық.
Надежда Чернованың «Асланның қалыңдығы» атты түпнұсқа хикаясы Қазақстанның батысындағы Каспий теңізінің жағасындағы шағын ауылда өтеді. Мәтіннің сюжеті Эдгар Аллан Подан алынған болуы мүмкін, сондай-ақ Чехов прозасына тән нәзіктік пен нюанстармен баяндалады, ал әр жолына қазақы нәзіктік анық сіңіп, оқырманды әңгімеге тартады.
Редакторлар әңгімелерді бірін-бірі толықтыратындай етіп шебер орналастырған. Мысалы, Наурызбаеваның «Бескемпір» очеркінде қазақ қоғамындағы әйелдің шамандық рөлі анық көрсетілген, мұны өз кезегінде антологиядағы шығармалар Әсел Омардың «Желтоқсандағы қара қар» немесе Лили Калаустың ерекше «Опера драмасы» сынды антологиядағы басқа да шығармалар айқындайды.
Орал Арукенованың «Аманат» (антология атауы) әңгімесінде хал үстіндегі ана үлкен ұлына кенже ұлының «қазақтың жақсы қызына» үйленсе деген арманын айтады. Наурызбаеваның «Бескемпір» мен «Бақталасы» Арукенованың әңгімесінің терең мағынасын ашатын объектив бола алады.
ӘЙЕЛДЕР ӘДЕБИ САЛАДА ЕНДІ ҒАНА АЙҚЫНДАЛА БАСТАДЫ
Әйелдер прозасының жиілеуі, әрине, қуанышқа бөлейді, бірақ бұл Қазақстандағы әйел жазушылар әлі де тап болатын институционалдық және әлеуметтік жағынан күрделі проблемаларын өзгертпейді. Кинода, сән әлемінде, музыкада және өнерде әйелдер Қазақстанның өнерін жаңғыртуда шешуші рөл атқарса, әдеби салада енді ғана айқындала бастады: жаңа, тәуелсіз үндер өздерін бекітіп, басылымдарға жол тауып келеді.
Аманат – қазақтың көп мағыналы сөзі. Редакция түсіндіргендей, аманат – «болашаққа үмітпен өрілген уәде. Көбіне бұл моральдық борышы бар міндет, ал кейде ол бізге сақтау үшін берілген мұра, құнды зат болып табылады». «Аманат» — өлім аузында жатқан ант, қасиетті аманат немесе маңызды мәселеге арналған антология, келешекке өсиет болуы мүмкін. Көшпенділер мерекесінде 80 жастағы шеберден ымдасып жүріп саудаласып алған күміс тұмарымдай «Аманат» антологиясында сиқырлы, үмітті әлдене бар.