×

Алматыда Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіші ашылды

Бұл ескерткіш маған ұнады. Детальдары жақсы, сапалы жасалған екен, –  деп баға берді президент

 Дастан Жұмабекұлы 16.11.2022 | 14:01
фото: Ақорда

Президент Алматы қаласында Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткішті ашты.

Ескерткіштің ашылу салтанатында мемлекет басшысы ұлт ұстазының еліміздің тарихындағы алатын орны, оның ғасырға татитын еңбегі туралы айтты.

Жұртына пайдасы тиетін жұмыстың бәріне Ахаң үлес қосқан. Тіпті, бірқатар саланы өзі бастап берген. Ол қазақтың төл әліпбиін жасады. Алғашқы әліппемізді құрастырды. Сондай-ақ оқулық жазып, тіл білімінің негізін қалады. «Қазақ» газетін шығарып, баспасөздің дамуына жол ашты. Арада қанша жыл өтсе де, оның рухани мұрасы жұртының игілігіне жарап келеді. Сол себепті, жұртымыз оны «Ұлт ұстазы» деп ардақтайды.

Ахмет Байтұрсынұлы – ағартушы-ғалым ретінде бүкіл өркениетті әлемге танымал. Ол халқымыздың тағдыры сынға түскен күрделі кезеңде ерекше ұлтжандылық танытты. Еліміз бүтін, жеріміз тұтас болуы үшін өлшеусіз еңбек сіңірді. Қазаққа қызмет ету жолында бар күш-жігерін жұмсады. Ұлт көшбасшысының өмір жолын елді сүюдің жарқын үлгісі деуге болады. Оның ғибратты ғұмыры – өскелең ұрпақ үшін әрдайым өнеге», - деді президент.

Ескерткіштің авторлары – мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов.

Мүсін композициясы қоладан, тұғыры тұтас күрт гранитінен жасалған ескерткіштің биіктігі – 5 метр.

Салтанатты іс-шарада президент мүсіншілермен сөйлесіп, ұлт ұстазына арналған ескерткіштің өзіне ұнағанын айтты.

Бұл ескерткіш маған ұнады. Детальдары жақсы, сапалы жасалған екен, –  деп баға берді.

Осыдан кейін президент Ахмет Байтұрсыновтың мұражай-үйінде болып, жаңартылған экспозициялармен танысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама