Қызылорда облысында бұзақылар полицейді соққыға жықты

Дәурен Ерболат

Тәртіп сақшысы оларды бұзақылық жасағаны үшін ұстамақ болған

Фото: Sputnik

Байқоңырда күдіктілер полиция қызметіне қол көтерді, деп хабарлады «Байқоңыр» кешенінің прокуратурасы.

Қаланың дәл ортасында, «Центральная» қонақүйінің маңында тәртіп сақшысы ер адамдардың жанына келіп, құжаттарын көрсетуді сұраған.

Сол сәтте 2 ер адам ұсақ бұзақылық жасап тұрған. Полицей өз міндетін атқарып, құқықбұзушылықтың жолын кесуге тырысқан. Бұзақылар полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбай, бейтаныс адамдардың көзінше оған балағат сөздер айтып, соққыға жыққан, - деп жазылған хабарламада.

Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары әріптестеріне көмектесті.

Күдіктілер полиция бөлімшесіне жеткізілген. Олардың кім екенін және басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтаған кезде олардың бірінің осыдан бір ай бұрын тонау қылмысын жасағаны, екіншісінің ұялы телефон ұрлағаны белгілі болды.

Нәтижесінде екеуіне де билік өкіліне қарсы күш қолдану, қызметтік міндеттерін атқару кезінде оны көпшілік алдында қорлау, сондай-ақ жеке-жеке тонау және ұрлық жасау бойынша айып тағылды, - деп жазылған хабарламада.

Айыпталушылар өз кінәсін мойындап, ұрланған заттар жәбірленушілерге қайтарылды.

Қазір соққыға жығылған полицей аман-есен, міндетін атқарып жатыр. Ал заңды бұзған күдіктілер сот алдында жауап береді.

Прокуратура қызметкерлерінің айтуынша, олардың ісі Байқоңырдағы 26-гарнизондық сотта қаралады. Бұл Ресейдің сот органы болып саналады. Ал Ресей Қылмыстық кодексінде билік өкіліне күш қолданғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жаза, жауапкершілікті ауырлататын мән-жайсыз тонау және ұрлық үшін сәйкесінше 4 және 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.