Алматыны дамытудың алты басымдығы аталды
Ең басты бағыт - тәуелсіздігімізді қорғай білу
Алматыда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қала жұртшылығымен кездесуде қаланы дамытудың алты басым бағытын атап айтты.
Ол қаланың тұрақты дамуын әртараптандыру бірінші бағыт болуы керектігін ескертті. Одан кейін қаланың барлық аудандарын бірдей дамыту және тұрғын үй құрылысын жандандыру мәселесі назардан тыс қалмауы керектігін ұсынды.
Үшінші басым бағыт – жол-көлік жүйесін дамыту. Төртінші – экология мәселелерін шешу. Бесінші – Алматының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту. Алтыншы – қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қалалық басқару жүйесін цифрландыру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесуде мемлекет басшысы осы бағыттарды айта келіп, халқымыздың біртұтас ұлт ретінде сақталуы қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғай білуімізге байланысты екенін, сол себепті әрбір ісіміз мемлекет мүддесіне сай болуы қажет екенін атап өтті.
«Азаматтардың бойында осы қасиеттер болса және еліміздің басты құндылықтарын орнықтыра білсек, болашағымыз баянды боларына кәміл сенемін», – деді ол.