Halyq Uni логотип
×

Ресей Украинаны зымыранмен атқылағанда Польшаға екі ракета құлады

Бүгін НАТО-ның шұғыл отырысы болады

 Дастан Жұмабекұлы 16.11.2022 | 09:17
Ресей Украинаны зымыранмен атқылағанда Польшаға екі ракета құлады
фото: vedomosti.ru

Ресей әскері Украинаның барлық территориясын зымыранмен атқылаған күні Польшаның аумағына екі ракета құлады. Соның кесірінен Пржеводов елді мекенінде екі адам қаза тапты.

Польшаның премьер-министрі Матеуш Моравецкий осы оқиғаға байланысты Министрлер кеңесі мен Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс комитетінің шұғыл отырысын өткізді. Отырыста ол жергілікті БАҚ-ты расталмаған ақпаратты жарияламауға шақырды.

Осыған байланысты Польшаның Сыртқы істер министрлігі Ресейдің осы елдегі елшісін шақырып, түсініктеме беруді талап етті. Ал президент Анджей Дуда АҚШ президенті Джо Байденмен, Украина басшысы Владимир Зеленскиймен және НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенбергпен телефонмен сөйлесіп, оқиғаны айтып берді. Содан кейін халыққа үндеу жолдады.

Президенттің айтуынша, әзірше ракеталардың қай елден ұшырылғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Оқиғаның мән-жайын анықтаумен халықаралық сарапшылар айналысады. Қазір НАТО-ның әскері мен Польшаның қарулы күштері соғыс жағдайына дайындалып жатыр.

Америкалық барлау қызметінің хабарлауынша, Польшаның аумағына Ресейдің ракеталары құлаған. Ал Ресейдің Қорғаныс министрлігі АҚШ-тың айыптауын арандатушылық деп бағалады.

Бүгін АҚШ президенті Джо Байден осы оқиғаға байланысты G7 тобына мүше елдердің басшыларымен шұғыл жиналыс өткізетінін айтты. Сондай-ақ НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенбергтің төрағалық етуімен Солтүстік Альянстың отырысы болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама