Қазақстандық колледждерде алғаш рет жұмыс берушілер күні өтті
Білім беру ұйымдары жұмыс берушілермен 600-ден аса меморандумға қол қойды
Бүгін еліміз бойынша 700-ден аса колледж алғаш рет Жұмыс берушілер күнін атап өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігі өкілдерінің мәліметінше, іс-шараға ірі компаниялардың, шағын және орта бизнестің 4 мыңнан аса өкілі қатысып отыр. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жұмыс берушілермен 600-ден аса меморандум мен 500-ден аса ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Өңірлердегі колледждер «Энергожүйе» ЖШС, «Жарық» Ақтөбе механикаландырылған электр желілері кәсіпорны, «LTD» ЖШС, «Қазақ ұны» ЖШС, «Межрегионэнерготразит» ЖШС, «Астықжан КТ» ЖШС, «ПФ BEST» ЖШС, «Гидросталь» ЖШС және басқа да кәсіпорындармен меморандум жасасты.
Жұмыс берушілер күні кадр даярлау және түлектерді жұмысқа орналастыруда жұмыс берушілермен ынтымақтастықты кеңейту мақсатында өткізіліп отыр. Бүгінде колледждер ірі кәсіпорындармен және ұйымдармен белсенді ынтымақтастық орнатып жатыр. Академиялық тәуелсіздік аясында колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, еңбек нарығының сұранысына сай білім беру бағдарламаларын әзірлейді. 500-ден аса ТжКБ ұйымы дуалды оқытуды енгізді және жұмыс берушілер де мамандарды даярлауға белсенді атсалысып келеді. Екіжақты ынтымақтастықтың арқасында студенттер теорияны практикамен ұштастырып, таңдаған мамандығын жұмыс орнында тікелей үйренеді. Яғни кәсіпорындар өз қызметкерлерін оқытуға және үздік студенттерді жұмысқа алуға мүмкіндік алып отыр. Ал студенттер бірте-бірте мамандыққа түсіп, еңбекке қажетті машықтарды меңгереді. Биылғы оқу жылында нысаналы мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында кәсіпорындардың сұранысы бойынша 10 мыңнан аса адам колледждерге қабылданғанын атап өткім келеді, - деді Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының міндетін атқарушы Ернат Жүнісов.