Олар осыдан 47 жыл бұрынғы КСРО құжатымен өмір сүрген
Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 1974 жылғы үлгідегі КСРО төлқұжатпен жүрген 160-тан астам адам Қазақстан азаматы болып танылды. Бұл адамдар жеке басын куәландыратын құжаттардың болмауына байланысты денсаулық сақтау, білім беру қызметтерін алуда, қажетті жәрдемақылар мен зейнетақы ресімдеуде шектеулі және ресми жұмысқа орналасуға мүмкіндігі жоқ.
«Мәселен, Ұлан ауданының полиция бөліміне 61 жастағы ер адам жүгінді, ол 90-шы жылдары Украинада берілген 1974 жылғы үлгідегі КСРО төлқұжаты бойынша Қазақстанға келген. Ұлан ауданында тұрып, жұмыс істеген, отбасын құрған, балалары бар. Өрт кезінде төлқұжаты жанып кетіп, ер адам 26 жылдан астам уақыт бойы Украинадан оның құжаттарына қатысты жауап келмеуіне байланысты жеке басын куәландыратын құжаттарсыз өмір сүрген», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Көші-қон қызметінің қызметкерлері Қазақстан елшілігі арқылы Украинадан қажетті құжаттарды сұратуға жәрдем көрсетті. 29 қазанда ер адам Қазақстан азаматына тиесілі жеке куәлік алды. Енді ол үшін басқа қазақстандықтармен тең дәрежеде барлық мемлекеттік қызметтерге қол жеткізе алады.